Қазақстанда түсірілген фильмнен кім көбірек табыс табады ? Кинотеатр ма, әлде фильмдерді жасаушы ма? Өткен аптадан бері осы сұрақ киноиндустриядағы басты талқыға айналды. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ірі кинотеатр желілерінің кассалық түсімнен алатын үлесін сынға алып, қазіргі жүйе фильм өндірісіне салынған инвестицияның қайтарымына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл пікір кинотеатрлар мен продюсерлер арасындағы бұрыннан бар қайшылықты ашық деңгейге шығарғандай болды.
Жақында депутат кино саласындағы жүйелі кемшіліктерді атап, ірі кинотеатр желілерінің жұмысын ашық сынға алды. Оның айтуынша, елдегі кинотеатрлар прокаттың алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын бірден алып отыр. Aqshamnews.kz тілшісі осы тақырыптың мән-жайына үңіліп көрді.
Депутат неге наразы?
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, кинотеатрлар кассалық түсімдегі үлесті пайдадан емес, жалпы табыстан алады. Ал бұл фильм өндірісіне кеткен шығын толық өтелмей жатып, негізгі табыстың бір бөлігі прокат иелерінің "қалтасына" кетуге алып келеді.
“50 пайыз – пайдадан емес, жалпы түсімнен алынады. Ал фильмнің өзін-өзі ақтауы үшін оның кассасы бөлінген бюджеттен кемінде үш есе көп болуы керек. Мұндай жағдай қазақстандық кинобизнесті тұншықтырып отыр”, – деді депутат.
Оның сөзінше, режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлар тарапынан қысым көруден қорқып, ашық шағымданбайды. Сонымен қатар фильмдерді прокатқа шығару үшін жарнама мен маркетингке қосымша төлемдер талап етілетіні, тіпті “көлеңкелі жарналар” бар екені туралы да ақпарат айтылады.
Ерекше сын мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерге қатысты болды. Депутат “Qaitadan” фильмін мысалға келтірді:
- фильмнің прокаттағы табысы - 1 млрд теңгеден асты;
- кинотеатрлар алған үлес - 550 млн теңге;
- мемлекет бөлген қаржы - 190 млн теңге.
Депутаттың айтуынша, жеке кинотеатр желілері мемлекет өз инвестициясын қайтармай тұрып-ақ, бірнеше есе көп табыс тауып отыр.
Нарықтағы шоғырлану мәселесі
Елнұр Бейсенбаевтың дерегінше, Қазақстандағы кинонарықтың едәуір бөлігі санаулы ірі желінің қолында шоғырланған:
Kinopark пен Kinoplexx - кинозалдардың шамамен 40%-ын, Chaplin мен Cinemax - ірі қалалардағы негізгі залдарды бақылайды.
Депутат бұл жағдайды бәсекенің шектелуі деп бағалап, оған Бәсекелестікті қорғау агенттігін кино саласындағы нарықтық қатынастарға назар аударуға шақырды.
Депутаттың пікірінше, кинотеатрлар фильм өндірісіне кеткен шығын толық өтелмейінше, кассалық түсімнен үлес алмауы керек. Ол АҚШ-та қолданылатын “сырғымалы шкала” жүйесін мысалға келтірді. Бұл модельде прокаттың алғашқы апталарында студиялар кассалық табыстың 70-90 пайызын алады, кейін үлес біртіндеп теңеседі.
Кинотеатрлар не дейді?
Ал “Қазақстан кинотеатрлар альянсы” депутаттың сынымен келіспейді. Альянс өкілдерінің айтуынша, кинотеатр бизнесі жоғары капиталды қажет ететін сала.
Кинотеатрлар ғимараттарды ұстауға, экран мен дыбыс жүйесіне, креслоларға, қауіпсіздік инфрақұрылымына және техникалық жабдықтарды әр 5-7 жыл сайын жаңартуға тұрақты түрде инвестиция салады. Бұл жабдықтардың басым бөлігі Еуропа мен АҚШ-тан шетел валютасына сатып алынады.
Теңге бағамының ауытқуы мен кедендік алымдардың өсуі шығынды арттырып отыр. Соған қарамастан, Қазақстандағы билет бағасы орта есеппен 2000-2500 теңге, яғни Батыс елдеріне қарағанда екі есеге жуық арзан.
Кассалық түсім қалай бөлінеді?
Қазақстанда кинотеатрлар кассалық түсімнің 50 пайызын алады. Альянс өкілдерінің айтуынша, бұл халықаралық тәжірибедегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Салыстыру үшін:
Қырғызстан мен Өзбекстанда - 60-70%;
Ресейде - 55-70%;
Еуропада - 50-60%;
АҚШ-та блокбастерлердің алғашқы аптасында дистрибьюторлар 60–65% алады, кейін үлес 50/50-ге теңеседі.
Сонымен қатар, Қазақстанда кинотеатрларға көрермендердің сырттан тамақ пен сусын алып кіруіне рұқсат етілген. Бұл кинотеатрлардың негізгі қосымша табыс көзін айтарлықтай шектейді.
Маусымдық тәуекел мен пайда
Кинотеатр табысы жыл бойы біркелкі бола бермейді. Көрермен көп келетін кезең небәрі бірнеше айға ғана созылады. Ал қалған уақытта залдар босырақ болып, табыс айтарлықтай азаяды. Осындай кезеңдерде кинотеатрлар жалдау ақысы, жалақы және коммуналдық қызметтер сияқты тұрақты шығындарын бұрын жиналған қаржы есебінен өтеуге мәжбүр.
Орта есеппен кинотеатрлардың барлық шығыны табыстың 85-95 пайызын құрайды. Ал таза пайда - 8-15% шамасында.
Альянс мәліметінше, кинотеатр үлесін 50%-дан төмендету залдардың шығынға ұшырауына, билет бағасының өсуіне, сервис пен техникалық сапаның төмендеуіне және кинотеатрлардың жабылуына алып келуі мүмкін.
Мемлекеттік кино саласындағы оң өзгерістер
Кейінгі жылдары Қазақстан киноиндустриясында ілгерілеу бар. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың маңызды жетістіктерінің бірі - “Қазақфильм” киностудиясына мемлекеттік қолдаудың қайта жандануы.
Студия қазақ киносының Алтын қорын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Кейінгі 15 жылда алғаш рет киностудия ғимараттарын жаңарту жобасы жекеменшік сектордың қатысуымен жүзеге асты.
Ведомство мәліметіне сай, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген конкурс нәтижесінде 16 жаңа жоба жеңімпаз атанды. 2025 жылы прокатқа “90+1”, “Тарлан”, “Игроманка”, “Капитан Байтасов”, “Qaitadan”, “Алтын адам” анимациялық фильмі және басқа да отандық туындылар шықты.
Отандық фильмдер АҚШ, Франция, Италия, Қытай, Ресей және өзге елдерде өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, 30-дан астам беделді марапатқа ие болды. Қазақстан киносының күндері 15-тен астам мемлекетте ұйымдастырылды.
Осылайша, Қазақстан киноиндустриясындағы қазіргі жағдай екі тараптың да уәжі бар екенін көрсетіп отыр. Кинотеатрлар қаржылық тұрақтылық пен жоғары шығындарды алға тартса, продюсерлер мен депутаттар кассалық түсімді бөлудің қазіргі жүйесі ұлттық киноның дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтады.
Бұл ретте басты сұрақ “кім көбірек табыс табады?” дегеннен гөрі, “қазіргі модель ұлттық киноның тұрақты дамуына мүмкіндік бере ме?” деген мәселеге келіп тірелетіндей. Кинотеатрлардың да, отандық кино өндірісінің де мүддесін ескеретін теңгерімді шешім табу енді мемлекеттік органдар мен салалық диалогтың нәтижесіне байланысты болмақ.