Алдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды Aqshamnews.kz. Сайлау учаскелерінде әрбір азаматтың дауыс беруге қатысты конституциялық құқығын толық жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.
Сайлау учаскелерінде кедергісіз кіреберістер, арнайы дауыс беру кабиналары жабдықталып, ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларға қажетті көмек көрсетіледі.
Атап айтқанда, көзі көрмейтін азаматтар үшін Брайль қарпімен дайындалған арнайы бюллетень толтыруға арналған трафареттер әзірленді. Бұл олардың өз бетінше әрі құпия түрде дауыс беруіне мүмкіндік береді.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, азаматтардың барлық санаты үшін қолайлы жағдай жасау – қазақстандықтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Богдан Джепка сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдарды қабылдауға дайындығын жеке өзі тексеріп жүргенін айтып, алматылықтарды белсенді болуға шақырды.
«23 тамыз – демалыс күні болады. Барлық шаруаларыңызды кейінге қалдырып, сайлау учаскесіне келіп, нақты ісіңізбен Құрылтайдағы белгілі бір партияға жұмыс істеу құқығын беретініңізді көрсетіңіздер. Мен сайлау учаскелерін аралап, олардың қолжетімділігін жеке тексеріп жүрмін. Сондықтан мүгедектігі бар азаматтарды отбасыларымен және достарымен бірге сайлауға келіп, өз таңдауларын жасауға шақырамын», – деді Богдан Джепка.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Сайлау учаскелерінде қолжетімді орта қалыптастыру денсаулық жағдайына қарамастан барлық азаматтың дауыс беруге тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.