1940 жылы негізі қаланған «ALMATY POLYTECHNIC COLLEGE» ұзақ жылдан бері IT-саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға маманданған жетекші білім беру мекемелерінің бірі.
Колледжде «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету» мамандықтары бойынша сапалы білім беру жүзеге асырылып келеді. Колледж 2017 жылдан бастап жұмысшы мамандықтар даярлайды, ал 2019 жылдан дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Оқу орнында ел экономикасының қажеттіліктеріне сай кәсіби кадрлар даярлау жолға қойылған.
Бүгінгі таңда колледжде 1600-ден астам студент оқиды, оның 246-сы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алса, ал 220-сы дуалды жүйе бойынша білім алады. Колледж ұзақ жылдар бойы тұрақты серіктестіктер негізінде қалыптасып, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған. Оның бір мысалы –дуалды оқыту аясында өндірістік тәжірибеден өтуге 98 компаниямен үшжақты 467 келісім-шарт жасалды. Оқу жоспарына сәйкес студенттер жыл сайын кәсіби практикадан өтіп, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады.
Колледж жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық, бірқатар компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Мәселен, қазіргі уақытта студенттер АО «Қазақтелеком» компаниясының интернет сапасын жақсартуға бағытталған «SAPA+» жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жоба аясында қолданушыларға заманауи күшейткіштер тегін ұсынылып, 5G интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жасалды. Студенттер нәтижелі жұмыстарының арқасында жалақы алып, ең бастысы еңбек жолында үлкен тәжірибе жинақтап жатыр. Сонымен қатар, электрондық құрылғыларды жөндеу және қызмет көрсету саласындағы, дрондарды сату, операторларды оқыту және жөндеу жұмыстарымен айналысатын, баспа ісімен шұғылданатын бірқатар ұйымдарда тәжірибеден өтіп жатыр.
Кәсіпорындардың қажеттіліктерін ескере отырып, мақсатты дайындау шеңберінде 65 студент білім алуда. Кадрларды даярлауға бірқатар ірі кәсіпорындар қолдау көрсетеді.
Тақырыпқа орай
Медет ОМАРБЕКОВ,
«Almaty polytechnic college» директоры:
Мақсат – мамандардың жаңа буынын даярлау
Колледждің жылдар бойы қалыптасқан жұмыс істеу тәсілдері мен тәжірибелері бар. Оқу аяқталғаннан кейін студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бұл процесс жоғары оқу орындарымен және кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуды талап етеді. Сонымен қатар, біздің мекеме түлектерді жұмысқа орналастыру үшін түрлі мамандандырылған жәрмеңкелер мен кездесулер ұйымдастырып отырады. Бұл да студенттердің кәсіби салада жолын табуына үлкен көмегін тигізеді. Түлектеріміздің 90%-дан астамы оқу аяқталғаннан кейін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады.
Колледжде «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша құзыреттілік орталығы және IT-хаб Arena жұмыс істейді. Құзыреттілік орталығы студенттерді беделді чемпионаттарға, соның ішінде ұлттық және халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысуға дайындаудың маңызды алаңы болып табылады. IT-хаб Arena жаңа идеяларды іздеуге, шығармашылық шешімдерді әзірлеуге және оларды нақты өмірде сәтті жүзеге асыруға арналған кеңістікке айналып отыр.
Біздің мақсатымыз – жаңа буын мамандарын даярлап, олардың ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуына жағдай жасау.