Халықтың табысы біртіндеп өсіп келеді - экономист

Халықтың табысы біртіндеп өсіп келеді - экономист Сурет: Almaty-akshamy.kz

Елдің дамуы экономикаға байланысты.  Бірақ экономика жайлы жалаң пікір айтуға болмайды. Себебі оның артында сан алуан сала мен күрделі құрылымдар тұр. 

 Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Қазақстан экономикасында бірқатар салаларда оң серпін бар және даму әлеуеті әлі де жоғары. Алдымен Қазақстан экономикасында оң серпін байқалатын салалар қайсысы екенін анықтадық.

«Мұндай салалар көп емес, бірақ экономикаға нақты үлес қосып жатқан 5-6 бағытты атап өтуге болады. Соңғы жылдары негізгі табыс көздерінің бірі – энергетика, әсіресе мұнай-газ секторы. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі жобалар тұрақты экспорт көлемін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, күн мен жел энергиясына салынатын инвестиция көлемі де артып келеді», — дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

Сарапшының айтуынша, тағы бір серпінді сала — металлургия мен тау-кен өндірісі. Қазақстан уран, алтын, мыс, ферроқорытпа бойынша әлемдік нарықта өзіндік орны бар мемлекетке айналып келеді.

Ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқан сала. Соңғы жылдары астық, майлы дақылдар және ет өнімдерінің экспорты артты. Мұнда агроөнеркәсіпті цифрландыру үлкен рөл ойнап отыр.

Бауыржан Ысқақтың айтуынша,  логистика мен транзиттік әлеует те арта түсуде. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытындағы жүк тасымалы, Ақтау мен Құрық порттарының дамуы — бәрі осы саланың маңыздылығын айғақтайды.

Маманның сөзіне қарағанда, экономикалық өзгерістерге әсер еткен салалардың бірі – сыртқы экономикалық байланыс.

«Сыртқы экономикалық байланыстардың кеңеюі, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай және Еуроодақпен сауда-экономикалық қарым-қатынастың нығаюы — соңғы жылдардағы басты жетістіктердің бірі. Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан» реформалары аясында бизнесті қолдау, монополияны шектеу және әділ бәсекелестікті дамыту бағытында нақты қадамдар жасалды», — дейді Бауыржан Ысқақ.

Оның айтуынша, инвестициялық климаттың жақсаруы мен Астана халықаралық қаржы орталығының дамуы шетелдік капиталды тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Ел экономикасына жалпылама баға беруге болмайды дейді сарапшы. Өйткені елдің аймақтарының даму көрсеткіштері әртүрлі. Бірақ ерекше қарқынмен алға шығып келе жатқан бірқатар өңірлер де бар.  

«Астана – ІТ, қаржы, мемлекеттік басқару және құрылыс саласының орталығы ретінде дамып жатыр. Алматы – сауда, туризм, қаржы және білім саласында алда келеді. Атырау мен Маңғыстау облыстары мұнай-газ секторы мен сервистік қызметтермен ерекшеленеді», — дейді экономист.

Сондай-а, Шымкент пен Түркістан – агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп және туризм;
Ақтөбе мен Қостанай – металлургия мен ауыл шаруашылығы;
Қарағанды – көмір өнеркәсібі мен ауыр металлургия бағыттарында дамып келеді.

Сарапшының сөзінше, экономика өсімінің бір көрсеткіші - халық табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы өзгерістер.

«Халықтың табысы біртіндеп өсіп келеді. Әсіресе педагогтар мен дәрігерлердің жалақысы айтарлықтай көтерілді. Сонымен қатар, зейнетақы қорларының активтері ұлғайып, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым салаларына қаржы көптеп бөлінуде. Мектептер, балабақшалар салынып, кәсіптік қызметтер дамуда», — дейді Бауыржан Ысқақ.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй бағдарламаларының нәтижесі де жаман емес дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

«Тұрғын үйге қолжетімділік артты. «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Отбасы банк» бағдарламалары тұрғындардың баспана мәселесін шешуге елеулі үлес қосып отыр. Сонымен қатар, ипотекалық мөлшерлеменің 25%-дан 20%-ға дейін төмендеуі – нарыққа жағымды әсер берген шешім», — дейді сарапшы.

Жалпы Қазақстан экономикасын ілгері жылжытуға болады. Қазақстан көшбасшылық етуге болатын салалар да бар.
«Логистика саласында біз Орталық Азиядағы мультимодальді хаб болуға қабілеттіміз. Ауыл шаруашылығында экологиялық таза өніммен ерекшеленуге болады. Энергетика мен білім беру салаларында да өңірлік көшбасшылыққа ұмтылуымыз әбден мүмкін», — деп қорытындылады сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:23

19:18

17:11

16:47

16:20

16:11

15:45

15:32

15:14

15:04

14:58

14:44

14:38

14:24

14:19

12:20

12:18

11:46

11:10

11:06

10:55

10:30

10:29

09:45

17:43