Үш ғасырлық тарихы бар, әлемдегі ең беделді Дания Корольдік театры жайлы естіген бе едіңіз? Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең талантты әртістер өнер көрсетіп, ең мықты хореографтар сабақ береді. Ал Алматы облысындағы ауылдан шыққан қарапайым жігіт Мейрамбек Назарғожаев осы корольдік театрдың солисі болып өмірлік келісімшартқа отырған. Бұл - екі тараптың арасында өмір бойы күшінде болатын келісім. Яғни, Мейрамбек Дания корольдік театрында өмір бойы жұмыс істей алады. Алайда әртіс өз еркімен жұмыстан шығуына болады. Аqshamnews.kz тілшісі әлем мойындаған театрдың әртісімен сұхбаттасты.
сурет: Дина Литпин/аqshamnews.kz
Мейрамбек Назарғожаев 1996 жылы Алматы облысы Іле ауданы, Қараой ауылында дүниеге келген. Ол 2018 жылдан бері Дания Корольдік театрында балет әртісі ретінде өнер көрсетіп жүр. Мейрамбек тіпті еуропалықтардың өзіне сирек бұйыратын мүмкіндікке, яғни өмірлік келісімшартқа ие өнерпаз.
"Балетті таңдауыма тәтем себепкер болды"
Бала кезінде балеттің иісі мұрнына да бармаған ауылдың қарапайым, доп теуіп өскен баласы Еуропаға апарар жолдың қалай қаланғаны жайлы былайша әңгімеледі.
"Кішкентайымда балет туралы түсінік мүлде болмады. Бірақ ауылда көп концертте ән айтып, домбырада ойнайтынмын. Фарида есімді туысқан тәтем: 'Мейрамбек, сен өнерге жақынсың, қазір іріктеу жүріп жатыр, бағыңды сынап көр" деп. Алматы хореографиялық училищесіне жол сілтеген болатын. Солайша 2006 жыл сол оқу орнының студенті атанып, оқуымды қызыл дипломмен бітірдім. Көптеген дүниежүзілік конкурс пен фестивальдің жүлдегері болдым. ", – дейді Мейрамбек Назарғожаев.
сурет: instagram.com/meiram0l
Данияға бастаған даңғыл
Мейрамбек 2014 жылы училищені тәмәмдап, 1 жыл Ресейде, 2 жыл Германияда еңбек етіп, Данияға жол тартқан.
"Басты арманым - шетелде тәжірибелі хореографтардан білім алу еді. Шетелге кету мүмкіндігі болса, қалт жібермеуге тырысатынмын. Бірге оқитын досым Дания Корольдік театры жайлы көп айтатын. Оған түсу орындалмас армандай көрінетін. Себебі бұл театрға мыңдаған адам өзінің CV-ін (сurriculum vitae - түйіндеме - жур.) жібереді. Мен де жіберіп көрдім. Бәсекелестіктің көптігін есептеп, шақырту келмейтін шығар деген едім. Алайда бір күні қарасам "жабық қаралымға келіңіз" деген хат келген екен. Қуана кетіп, досыммен бірге Данияға барып бағымызды сынап көрейік дедік" дейді ол.
Шақыртуға шарқ ұра қуанған Мейрамбек тарихи театрды кем дегенде көзбен көріп қайтатынын қанағат тұтқан. Алайда шығармашылық сынақтың нәтижесі күтпеген жерден оның оң жамбасына түскен.
"Жабық қаралымда классикалық жаттығуларды көрсеттік. Сонан соң, бізді физиотерапевтке жіберді. Ол біздің денсаулығымызды, буындарымызды, жалпы денемізді тексеріп шықты. Жауабын поштаға жібереміз деген соң, біз досымыз екеуміз Данияны көріп қайтқанымызға, корольдік театрда басқа әртістермен бірге болғанымызға риза болып қайттық. Шыны керек, театрға қабылданамын деп ойламадым. Қазақстанға барған соң электрон поштама хат келді. Сенер-сенбесімді білмедім. Ол кезде мен ағылшын тілін аса білмейтінмін. Досыма барып, хатты оқытып, бөркімді аспанға аттым. Себебі бұл - мыңнан біріне ғана бұйыра беретін мүмкіндік" дейді Мейрамбек.
сурет: instagram.com/meiram0l
Театрдағы жаңа өмір қалай басталды?
Мейрамбек Данияға көшкеннен кейін өмірі қалай өзгергені жайлы әңгімелеп берді.
"Даниялықтар - ең бақытты адамдар. Қиын кезде жаныңнан табылып, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Өмір деңгейі жағынан да бізден біршама алда тұр. Бір кемшілігі - ауа райының құбылмалы болуы. 5 минут сайын өзгереді. Мен тез үйреніп кеттім. Жаңадан келгендер "күннің көзін көресіндер ме?" деп таңғалып жатады. Өз басым құбылмалы ауа райын ұнатамын. Театрдағы тәртіпке де бейімделу оңай болды. Бастысы үлкен ынта болса болды екен" деді ол.
сурет: instagram.com/meiram0l
"Сахнада аяқ киімім түсіп қалды"
Мейрамбек Назарғожаев сахнада өнер көрсету кезінде болған қызықты жайттарды әңгімелеп берді.
"Сахнада қызық жайт көп болды. Бірде билеп жатып, балетке арналған аяқ киімім түсіп қалғаны бар. Бәрі күліп жатты. Мен түр бермей, биімді жалғастыра бердім. Сахнаның ортасында бір аяқ киім жатыр. Бәрі менің аяғымнан түсіп қалғанын түсінді. Барып алайын десең, музыка жүріп жатыр. Амалсыз қойылым біткенше сахнада жатты" дейді Мейрамбек.
сурет: instagram.com/meiram0l
"Болашағымды Қазақстанда көремін"
Мейрамбек болашағын Қазақстанмен байланыстыратынын және отбасын, туыстарын, тіпті үйдің тамағын жиі сағынатынын айтты. Оның сөзінше, әрбір қазақстандық қайда жүрсе де, өз елінің дамуына үлесін тигізуі керек. Мейрамбек өзінің Даниядағы тәжірибесін Қазақстанда пайдалануды мақсат етіп, осындай үлкен арманына алғашқы қадамын жасады. Осылайша, үш ғасырлық тарихы бар Дания корольдік театры 27 маусым күні тұңғыш рет Қазақстанға келіп, Алматы театрында қазақстандықтар үшін өнер көрсетті.
"Басында қорқыныш болды, себебі балет ерекше талғамды қажет ететін өнер. Қойылымды көрермендер қабылдай ма, келушілер бола ма деген сияқты күмәндар болды. Бірақ бастысы – идеямыз жүзеге асып, Дания Корольдік театрының әртістері Алматыда алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар, осы тарихи театрдың әртістері Алматы хореографиялық училищесінің оқушыларына шеберлік сағатын өткізді. Бұл да үлкен нәтиже" деді Мейрамбек.
суретте: Дания Корольдік театрының әртістері
Алдағы уақытта Мейрамбек өзінің достарымен бірге бірнеше жобаны жүзеге асырып, Қазақстан мәдениетінің дамуына үлес қосуды мақсат етіп отыр. Оның сөзінше, олардың бірлескен Nomad Ballet Project жобасы аясында бірнеше қызықты бастаманы жүзеге асыру ойда бар.
"Алдағы уақытта еліміз үшін тағы да бірнеше жобаны жүзеге асыратын боламыз. Сол үшін Қазақстандық достарыммен бірге Nomad Ballet Project деген жобаны іске қосып жатырмыз. Бұл жобаның аясында бірнеше маңызды жобаны жарыққа шығарсақ деген ниетіміз бар" деді Назарғожаев.