AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Естелік-портрет: аудиториядан басталған эфир жолы

Естелік-портрет: аудиториядан басталған эфир жолы

Мұны білген жөн Бүгін 19:26 69 Сұлу
Естелік-портрет: аудиториядан басталған эфир жолы
Автор ұсынған сурет

Студенттік ортадан журналистика мен телевизияға ұласқан шығармашылық жол туралы бір үзік естелік...

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында журналистикаға келген азаматтардың алғашқы қалыптасу кезеңі туралы ойланасың. Көп адамның кәсіби жолы эфирден, газет бетінен немесе үлкен жобалардан басталғандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде оның бастауы көбіне студенттік аудиторияда, алғашқы сахнада, ұстаз сенімінде, орта алдындағы жауапкершілікте жатады.

Біз ҚазҰУ қабырғасында тек білім алып қана қойған жоқпыз. Сол білім ордасының рухын көтеруге студент кезімізден араластық. Уақыт өте әркім әр салаға кетті, бірақ қарашаңыраққа деген құрмет пен жауапкершілік бізден алыстаған жоқ.

Сол жылдары университет ішінде өнерлі, сөзге жүйрік, сахнаға жақын жастардың ерекше бір ортасы қалыптасты. Бұл орта ресми шаралардың ғана айналасы емес, жас адамның мінезін, талғамын, сөзге және ел алдына шығуға деген жауапкершілігін қалыптастыратын рухани кеңістік еді.

Сол кезде жоғары оқу орындарында арнайы тіл комитеттері құрылып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық рухты күшейту бағытындағы жұмыстар жандана бастаған еді. Сол істің басы-қасында жүрген марқұм Зейнолла Қари ағамыз тілдің де, өнердің де шынайы жанашыры болатын. Бітім-болмысы бөлек, ерекше жан еді. Университет ішіндегі дарынды студент-жастарға ықыласпен қарап, олардың басын қосып, шығармашылық ортаның қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ұйымдастыру жағын көбіне бізге сеніп тапсыратын. Сол сенімнің арқасында талай жас сахнаға шықты, талай талант көпшілікке танылды.

Ол ортада әр факультеттен жиналған әнші де, күйші де, ақын да, жыршы да, термеші де болды. Ақындар үйірмесіне Серік Қалиев, ал әнші-жыршылар үйірмесіне мен жетекшілік жасап едім. Сол жастар бір-бірімен тығыз араласып, өнерде де, өмірде де жақын жүрді. Университет олар үшін тек білім алатын орда ғана емес, тәлім мен тәрбиенің, өнер мен азаматтық қалыптасудың ортасына айналды.

Кейін елге танылған талай азамат сол университеттік шығармашылық ортадан қанат қақты. Исабек Күзембаев, марқұм Амангелді Сейітхан, Бекжан Әшірбай, Серік Әбдуәлиев, Мұхаметжан Тазабек, Балғынбек Имашев, Зейін Әліпбек, Серікзат Дүйсенғазин, Айгүл Асанова, Есенкүл Кәпқызы сияқты бүгінде жұрт білетін азаматтар сол рухани ортаның өкілдері еді.

Солардың қатарында бүгінде журналистика, мәдениет, кино және медиа салаларында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Нартай Өтегенұлы да бар болатын.

Мен Нартайдан екі-үш курс жоғары оқыдым. Сондықтан оны кейінгі еңбегі арқылы ғана емес, студенттік ортадағы алғашқы қадамдарынан да білемін. Ол студенттік ортада өзіндік болмысымен танылатын. Сөзге бейім, сахнада еркін, өнерге жақын, өзіне талап қоя алатын жинақы жігіт еді.

Нартай ақындар айтысына қатысып, университет намысын қорғап жүрді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында «Жігіттің сұлтаны» байқауына қатысып, жүлделі орын алғаны да есімізде. Ән айтқанда да ешкімге ұқсамайтын. Дауысының қоңыр бояуы, сахнадағы сабыры, сөзді сезініп айтуы бөлек еді.

Тағы бір есте қалған жайт бар. Өнерлі жастар сахнаға шығарда олардың аты-жөнін көбіне мен хабарлап тұратынмын. Ол кезде көпшіліктің фамилиясы ресми құжаттағыдай «-ов», «-ев», «-ин» болып айтылатын. Біз сахнадағы қазақы реңкті сақтау үшін оларды кейде «ұлы», «қызы» үлгісінде таныстыратынбыз.

Нартайды да сол кездері «Нартай Өтегенұлы» деп сахнаға шығарып жүргенім есімде. Кейін бұл есім эфирде де, шығармашылық ортада да солай орнығып кетті. Бұл мен үшін жай ғана жүргізушілік сәт емес, сол дәуірдің қазақы рухын аңғартатын жылы белгі болып қалды.

Университеттің 60 жылдық салтанатты кешіне дайындық кезі де есте. Ел Президенті бастаған мәртебелі қонақтар қатысатын үлкен жиын болатын. Сонда белгілі күйші Секен Тұрысбеков ағамыз студенттердің арасынан өнерлі жастарды іріктеп жүріп, Нартай Өтегенұлының дауысындағы қоңыр үн мен жылы бояуды бірден байқап: «Дауысың өзгеше екен, сахнадағы алғашқы әнді өзің айтып шығасың» дегені бар. Солай болды да.

Нартай тек өнермен ғана шектелген жоқ. Спортқа да бейім болды. Рингте өзін еркін ұстайтын, қарсыласының қарқынынан қаймықпайтын, тез жинақталып, ішкі тәртібін сақтай алатын мінезі бар еді. Сол қасиетін байқаған елге белгілі бапкерлердің бірі оны кикбоксинг жаттығуларына арнайы шақырып, өз залында шыңдалуына мүмкіндік жасағаны есімізде.

Спорт адамға тек күш бермейді. Ол мінез қалыптастырады. Рингте қарсыласың қанша мықты болса да, бойыңда қайсарлық, салқынқандылық, төзім, жігер және соңына дейін тұра алатын ішкі беріктік болуы керек.

Журналистикада адамның бойындағы ешбір қабілет артық болмайды. Бұл мамандықтың шекарасы кең: бір күні өнер адамымен сұхбаттасасың, бір күні спортшының мінезін танисың, бір күні еңбек адамының маңдай терін көресің, енді бір күні құқық, қылмыс, сот, жаза сияқты ауыр тақырыптардың ішіне кіресің. Сондықтан журналистке тек сауатты сөйлеу аздық етеді. Оған адам тану, жағдайды сезу, салмақ сақтау, қажет жерде қайсарлық таныту да керек.

Нартай Өтегенұлының кейінгі журналистік жолында осы қасиеттердің бәрі қажет болды. Әсіресе «Қылмыс пен Жаза» сияқты құқықтық тақырыптағы бағдарламаларда оның ішкі жинақылығы, салқынқандылығы, күрделі мәселенің арғы жағын көруге тырысатын кәсіби дағдысы анық байқалды.

Қылмыс тақырыбы жеңіл тақырып емес. Мұнда адам тағдыры, заң алдындағы жауапкершілік, қоғам қауіпсіздігі, жәбірленушінің жан жарасы, айыпталушының құқығы қатар жүреді. Сондықтан мұндай салада журналистің сөзі де, сұрағы да, тұжырымы да өлшеулі болуы керек. Нартай осы бағытта журналистиканың жеңіл жолын емес, салмағы бар, жауапкершілігі ауыр тақырыпты таңдағанын көрсетті.

Бүгінгі Нартай Өтегенұлының журналистикадағы, телевизиядағы, кино мен мәдениет саласындағы еңбегіне қарағанда, оның бастауы сол студенттік аудиториядан, ҚазҰУ қабырғасындағы шығармашылық ортадан, сахна алдындағы алғашқы жауапкершіліктен басталғанын аңғарамыз.

Журналистика адамға тек мамандық бермейді. Ол сөзге жауапкершілікпен қарауды, қоғамды байқауды, адамның тағдырына үңілуді, ел ішіндегі құбылысты сезінуді үйретеді. Нартайдың кейінгі еңбектерінде осы қасиеттердің ізі бар.

Сондықтан Нартай Өтегенұлы туралы айту — бір адамның ғана жолын еске алу емес. Бұл — студенттік ортадан басталған шығармашылық іздің кейін журналистикаға, телевизияға, киноға, мәдениет пен медиа кеңістігіне қалай ұласатынын айту.

Аудиториядан басталған жолдың эфирге ұласуы кездейсоқ емес. Оның ар жағында орта тәрбиесі, ұстаз сенімі, сахна мәдениеті, спорттан келген ішкі тәртіп, сөзге құрмет және өзіне талап қоя білу мінезі жатыр. Нартай Өтегенұлының кейінгі кәсіби жолына қарағанда, сол қасиеттердің бәрі журналистік ұстамға, экран алдындағы жауапкершілікке, қоғамдық тақырыпқа барудағы батылдыққа және мәдениетке қызмет ететін шығармашылық ұстанымға айналғанын көреміз.

Ерлан Айтуар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы

Телеграм арнаға жазылыңыз
#естелік #портрет
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның туристік саласы тұрақты өсімді көрсетуде

Бүгін 19:39

Дархан Сатыбалды Тәжікстанның Хатлон облысының төрағасымен кездесті

Бүгін 19:35

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады

Бүгін 18:25

Қазақстандық жұмыс берушілердің кадрларға сұранысы өсуде

Бүгін 18:22

Алматыдан Шанхайға дейін: Алматы музейі екі мегаполисті мәдениет арқылы тоғыстырды

Бүгін 18:19
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);