Сыршыл суреткер, ауыл өмірінің көркем шежірешісі Сайын Мұратбековтың туғанына 90 жыл толуына орай, Алматы кітапханалары жүйесінің «Құлагер» кітапханасында «Жусан аңқыған балалық шақ» атты кеш өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Көрнекті жазушының әдеби мұрасын насихаттау, шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылға шараға қаламгердің қарындасы Майра Сапарғалиқызы мен немересі Дина Мұратбекова және жазушы, журналист, деректі фильмдер авторы Қанат Тілеухан қатысты.
Кездесу барысында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы, қазақ әдебиетіндегі орны және оқырман жүрегінен ерекше орын алған туындылары туралы сөз қозғалды.
Адам қанша жер аралап, қанша белесті бағындырса да, көңілінің бір түкпірінде балалық шағының ізі сақталады. Кейде бір ауыз сөз, таныс әуен не жусанның жұпары алыста қалған күндерді қайта тірілтеді.
Сайын Мұратбеков – осындай қымбат естеліктерді оқырман жүрегіне жеткізіп, қарапайым ауыл тіршілігінен үлкен өмірдің сырын таныта білген қаламгер.
Кешті жүргізген кітапхана қызметкері Аяулым Еркінова атап өткендей, Сайын Мұратбеков кейіпкерлерінің тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес. «Жазушы бізге тек оқиғаны баяндап қоймайды. Ол адамды түсінуді, мейірімді бағалауды, өмірдің қарапайым сәттерінен сұлулық табуды үйретеді», – деді ол.
Кеш барысында жазушының қарындасы Майра Сапарғалиқызы ағасы туралы естеліктерімен бөлісті. Сайын Мұратбеков 1936 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданындағы Ешкіөлмес тауының бөктерінде орналасқан Қоңыр ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. «Қызыл жұлдыз» ауылындағы мектепте 1-сыныпты оқып, кейін 5 ауыл біріктірілген үлкен колхозда 4-сыныпты бітірген. 5-сыныптан бастап Талдықорғандағы «ЛКСМ-ның 30 жылдығы» атындағы қазақ мектебінде оқыған.
«Біз отбасында жеті ағайындымыз, ең үлкеніміз – Сайын аға, – дейді Майра апай. – Әкеміз көзі ашық адам еді, батырлар жыры мен ертегілерді жатқа айтатын. Әкем соғысқа кеткенде ағам атамыз Мұратбектің қолында қалған. Атамыз да ертегі мен дастандарды көп білетін. Соның бәрін ағам құлағына бала кезден сіңіп өсті».
· Әдебиетке алғашқы қадам
Сайын Мұратбековтің сөз өнеріне деген құштарлығы мектеп қабырғасынан-ақ байқалған. Талдықорғанда оқып жүріп өлең, шағын әңгімелер, фельетондар жаза бастаған, қабырға газетін шығарып, мектептер арасындағы жарыстарды ұйымдастырған. Орыс классиктерін көп оқыған. Майра апайдың айтуынша, ағасы оқыған үлкен кітаптар отбасында әлі күнге дейін сақтаулы.
Каникулда ауылға келгенде көзіне түскен жағдайларды бірден фельетон етіп жазып, аудандық газетке жіберіп отырған. Солардың бірі – 9-сыныпта жазған «Бригадир мен сиырдың айтысы» екен. Майра апайдың айтуынша, ағасы бір күні сиыр қорадан шыққан өлеңді естиді. Қолына шам алып, ақырын кірсе, ауылдағы беделді бригадир қызу күйінде ақырдың ішіне отырып алып, сиырмен «айтысып» отыр екен. Бала Сайын оны үйіне жеткізіп салады да, ертеңіне болған жайды газетке жазып жібереді. Ауданнан тексерушілер келіп, бригадир жұмыстан босатылады. Мұндай жағдай кейін колхоз төрағасына қатысты да қайталанады.
«Ағам өзі айтатын: «Мен оларды жұмыстан шығарып жіберетінін білмедім. Өзім көргенімді ғана жазып жібердім» деп», – дейді Майра апай.
· Консерваториядан – журналистикаға
Мектепті бітірген соң Сайын Мұратбеков ҚазМУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, конкурстан өтпей қалады. Сол кезде ауылдас досы, баянда ойнап, ән айтатын өнерлі құрдасы оны өзімен бірге консерваторияға тапсыруға көндіреді. «Менің өнерім жоқ қой» деп тартыншақтаса да, болашақ жазушы консерваторияға түсіп кетеді.
Жатақханада Асанәлі Әшімов, Шәмші Қалдаяқов сынды болашақ өнер майталмандарымен бір бөлмеде тұрған.
Сол кезеңнің бір естелігімен бөліскен Майра апай: «Сайын ағам газеттерге жазған дүниелері үшін алған қаламақысына азық-түлік сатып алып, бөлмедегілерге тамақ пісіріп береді екен. Достары: «Сайын бізді асырайды, оған тиіспейік», – деп, оның жазуына кедергі жасамайтын көрінеді», – дейді.
Сайын Мұратбеков кейін журналистика факультетіне сырттай оқуға ауысып, ауылға оралады. Ауыл жастарының, қарапайым адамдардың ортасында жүріп, олармен етене араласады. Жазушының кейінгі әңгіме-повестеріндегі кейіпкерлердің көбі – сол ауылдың адамдары.
«Шығармаларын оқып отырып ойлаймын: біз де солардың ішінде жүрдік қой. Бәрі – күнделікті көріп жүрген дүниеміз. Ағамның барлық жазғандары – соғыстың адам басына түсірген ауыртпалығы, ауыл адамдарының бір-біріне деген сыйластығы мен бауырмалдығы, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу, адал махаббат туралы» – дейді Майра апай.
Жазушының отбасындағы бейнесі, болмысы туралы жүргізуші сұрағына Майра апай ағасының ерекше қарапайым, сабырлы жан болғанын айтты. «Ешқашан балаларына дауыс көтерген емес. Ренжіп отырса да сыпайы, сабырмен ақылын айтатын. Қай жақтан келсе де алдымен балалар бөлмесіне кіріп, маңдайынан иіскеп, сабақтарын, жағдайларын сұрайтын», – деді ол.
Университетте оқып жүргенде Майра апай ағасының үйінде тұрған екен. «Таңертең кетіп бара жатқанымда ақырын ғана қолыма ақша ұстататын: «Киноға барасың, тамақ ішесің», – деп. Жағдайымды сұраса: «бәрі жақсы» деймін, бірақ ол бәрін өзі де біліп отыратын, – дейді.
Майра апайдың айтуынша, Сайын Мұратбеков өте шыншыл, адал адам болған, өтірікке жол бермеген. Ол ағасының мейірімін көрсететін тағы бір оқиғаны еске алды. Бір жылы жазда ауылға су мол беріліп, үй алдындағы бақшаға қарбыз бен қауын көп егіледі. Жазда ауылға келген Сайын бір түні қарбыз ұрлауға түскен балалардың бірін ұстап алады. Бала жылап, «енді алмаймын» деп жалынғанда, ол: «Айналайын, жылама, қорықпа. Тағы берейін, өзім жұлып берейін», – деп жұбатыпты. «Сол кезде түсінбеппін, қазір ойласам, бұл ағамның қаншалықты мейірімді, қарапайым болғанын көрсетеді екен», – дейді Майра Сапарғалиқызы.
· Шығармалары – жазушы өмірінің айнасы
«Ол шығармалардың бәрі – Сайын ағаның өз өмірі. Солардың ішінде өзі де жүр», – дейді Майра апай. Ол жазушы туындыларының бүгінгі жас ұрпаққа берер тағылымына да тоқталды: «Қазіргі балалар соғыс заманын, ол кездегі ауыртпалықты көрген жоқ, бүгін бәрі дайын. Ал сол қиын кезеңде ауыл адамдары ауыр жұмыстың бәрін атқарып, майдандағы әкелеріне, ағаларына қаншама азық-түлік, киім-кешек жіберді. Жас ұрпақ мұны шығармалар арқылы білуі керек».
Кеште жазушы шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген журналист, жазушы Қанат Тілеухан да сөз алды. Ол Сайын Мұратбековты II дүниежүзілік соғысты шынайы жазған белорус жазушысы Василь Быковпен салыстырды.
«Сайын ағаның шығармалары бір қарағанда бір ауылдың тіршілігі сияқты көрінеді. Бірақ соғыс тек майдан даласында, окоптарда ғана болмайды. Соғыс – үлкен қасірет, ол адамның жанын өзгертеді. Онда ешқандай ерлік жоқ, тек азап бар», – деді Қанат Тілеухан.
Ол «Жабайы алма» повесін мысалға келтірді: шығармадағы бірге өмір сүріп жатқан ауыл адамдарының бір-біріне қиянат, зорлық-зомбылық жасауы да – соғыстың салдары, адам жанына түскен сызат. «Дүниедегі ең ауыр нәрсе – баланың бақытсыздығы. Балалар бақытты болуы керек».
Қанат Тілеухан жазушы ретінде Сайын Мұратбековты бақытты адам санайтынын айтты. «Өйткені оның шығармалары әлі де оқырманның дүниетанымын өзгертіп, жүрегіне жол тауып келеді», – дейді ол.
Майра Сапарғалиқызы кешке қатысып отырған балалардың арасынан болашақта Сайын аға сияқты талантты қаламгерлер шығатынына сенім білдіріп, кітапханаға Сайын Мұратбековтың 5 томдық шығармалар жинағымен қатар, жазушы кітапханасынан бірнеше кітап табыс етті.
Кітапхана меңгерушісі Дильфуза Бахтиярқызы қонақтарға мазмұнды әңгімелері үшін алғыс айтты.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған кеш Сайын Мұратбеков шығармашылығының бүгінгі ұрпақ үшін өзекті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ