Елжас Отыншиев "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" қоры хабарлады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Елжас Мұратұлы Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Елжас Отыншиев туралы не белгілі?
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтының бакалавриаты мен магистратурасын "жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің кеңесшісі болып бастады.
2009-2019 жылдар аралығында "Самұрық-Қазына" АҚ және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021-2023 жылдары KIDF-те басқарушы лауазымдарда қызмет етіп, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік етті.
2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да секторлардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылдың ақпанынан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.