Еліміздің негізгі астықты өңірлеріндегі егіс науқанының барысы
Елімізде дәстүрлі түрде негізгі астықты өңірлерге Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі көбіне осы өңірлердегі нәтижелерге байланысты болғандықтан, бұл аймақтарға ерекше назар аударылады.
Ақмола облысы егіс науқанын алғашқылардың бірі болып мерзімінен бұрын аяқтап, елдегі жетекші аграрлық өңір мәртебесін тағы бір мәрте растады, деп хабарлайды aqshamnews.kz сала министрлігіне сілтеме жасап.
Өткен жылы осы кезеңде жұмыстардың небәрі 60%-ы орындалса, биыл облыс жоспарланған мерзімнен үш апта бұрын тапсырманы толық орындады.
Жалпы егістік көлемі 5,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 мың гектарға артық. Ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы және барлық қажетті ресурстардың жұмылдырылуы көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай және оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берді.
Маусымға дайындық қыс мезгілінде басталды: ауқымды қар тоқтату жұмыстары жүргізілді, ал көктемде – ылғал сақтау және 2 млн гектардан астам жер өңделді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Жұмысқа заманауи егіс кешендерін қоса алғанда, шамамен 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды, бұл жұмыстың тиімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етті.
Мемлекеттік қолдаудың да рөлі зор болды. 770-тен астам шаруашылық 100 млрд теңгеден астам сомаға несие алды, ал егіс жұмыстары үшін 76 мың тоннадан астам дизель отыны төмендетілген бағамен бөлінді.
Егіс құрылымында стратегиялық маңызы бар дақылдардың үлесі артты: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,6 млн гектарға егілді, ал майлы дақылдар алқабы 430 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға артты. Сонымен қатар мал азығы, көкөніс және картоп егілетін алқаптар да кеңейтілді.
Қостанай облысының диқандары да егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл өңірде 5 млн гектардан астам алқапқа егін егу жоспарланған. Майлы және әлеуметтік маңызы бар дақылдар, сондай-ақ мал азығы дақылдарының үлесі айтарлықтай артты.
Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 755 мың гектарға дейін ұлғайып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-дан аса көп. Картоп алқабы екі есе артып, 7 мың гектарды, ал қарақұмық екі есе артып – 21 мың гектарды құрады. Өңірде егіс науқаны толық аяқталды.
Егіншілерді қолдау мақсатында өңірде «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бастама аясында жергілікті шаруа қожалықтары «СПК Тобыл» АҚ арқылы 20 млрд теңгеден астам және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 21 млрд теңгеден астам несие алды. Сондай-ақ шаруалар ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу бағдарламасын пайдаланып, 4 млрд теңгеден астам қаражат тартты.
Өңірдегі басты басымдықтардың бірі – техниканы жаңарту. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар 12 млрд теңгеден астам сомаға 385 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға келісімшарт жасасты. 2024 жылы өңір шаруашылықтары 173 трактор және 97 комбайн алды.
Солтүстік Қазақстан облысында қардың ерте еруі және көктемде температураның тұрақты жоғарылауы егіс науқанының уақтылы басталуына қолайлы ауа райы жағдайын қамтамасыз етті.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Дәстүрлі негізгі дақыл – дәнді дақылдар: 3,3 млн гектар. Майлы дақылдар алқабы 760 мың гектарға дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда 85,8 мың гектарға артты. Бұл өсім күнбағыс (+24,6 мың га), зығыр (+47,9 мың га) және рапс (+16,3 мың га) алқаптарының кеңеюі есебінен қамтамасыз етілді. Мал азығы дақылдарына 392 мың гектар, картопқа – 8 мың гектар, көкөністерге – 1,3 мың гектар бөлінді.
Өңірде егіс жұмыстары сәуір айының соңында басталып, агротехникалық талаптарға сай және уақытында жүргізілді. Соның арқасында өңір бұршақ және майлы дақылдарды себуді алғашқы болып бастаған аймақтардың қатарына енді.
Егіс жұмыстарының толық орындалуы және диқандардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі
Қазіргі уақытта дәнді-бұршақты дақылдарды егу толық көлемде аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Егіншілердің иелігінде 470 мың тонна сапалы тұқым бар, оның ішінде 52,6 мың тоннасы — элиталық тұқым. Сорт жаңарту деңгейі 11,2 пайызды құрап отыр. Минералды тыңайтқыштар 317,1 мың тонна көлемінде шартқа отырғызылған, бұл егісті сапалы агротехникалық өңдеуден өткізуге мүмкіндік береді.
Дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техника паркі толық қамтамасыз етілген. Егіс жұмыстарына 12,3 мың трактор тартылған, оның ішінде 4 мыңнан астамы — жоғары өнімді техника. Сонымен қатар 13,7 мың дән себетін техника мен 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмыс істеуде. Техникалық дайындық деңгейі 100 пайызды құрайды.
Шаруалар 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, оның литрі 254 теңге болып белгіленген. Бұл нарықтық бағадан (311 теңге/литр) едәуір төмен.
Егіс жұмыстарының уақтылы әрі сапалы жүргізілуінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шешуші рөл атқаруда. «Кең Дала 1» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында шаруалар 92,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізді. Оның ішінде 37 млрд теңге «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бағытталды. Ал «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 14,4 млрд теңге бөлініп, 442 техника бірлігі қаржыландырылды. Сонымен қатар форвардтық сатып алу тетігі аясында қосымша 7,4 млрд теңге қаражат бөлінді.