Ертең, 25 қазан күні Республика сарайында әлемдік байқаулардың жеңімпаздары, Temirlan & Yernat дуэтінің алғашқы «ALEM TOUR» атты жеке шығармашылық кеші өтеді.
Қазақстанның даму жолындағы жетістіктерін атап өтетін ұлттық мереке – Республика күнімен тұспа-тұс келген концертте домбырашы жігіттер өнерсүйер қауымның назарына халыққа кеңінен танымал күйлерді, әлемдік композиторлардың шығармаларын және өздерінің авторлық музыкалары бар тамаша шоу-бағдарламаларын ұсынады.
Қазақтың қасиетті домбырасын елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де танытып жүрген Temirlan & Yernat дуэті алғашында «Бастау» деген атпен шыққан. Кейіннен топтарын өз есімдерімен атағанды жөн көрген. Биыл топтың құрылғанына 7 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында олар қасиетті аспапты әлемнің бірнеше мемлекетінде танытып қана қоймай, жүлделермен оралып жүргені де бар. Мәселен, 2018 жылы АҚШ-та Арнольд Шварценеггер продюсер болған World Championships үлкен конкурсында алтын медаль жеңіп алса, кейін Лондондағы Golden Time Talent, Испанияда өткен Music Box International, Түркиядағы «Bridge TV Need for Fest» және Music World халықаралық музыкалық конкурстарында лауреат атанған.
Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде 2-курс оқып жүргенде Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсететін ансамбль құрамына қосылып, «I am a Singer» байқауында «Дайдидау» әнін домбырамен сүйемелдеген. Дубайдағы бүкіләлемдік EXPO көрмесінде ел атынан өнер көрсетті. Токио Олимпиадасында Қазақстан мәдениетінің амбассадоры болды. Бүгінде Air Astana ұшақтарының ресми борт музыкасы мен Астана қаласының теміржол вокзалдарында, ірі сауда орталықтарында Temirlan & Yernat дуэтінің орындауындағы шығармалар жиі қойылады.
Атадан қалған асыл мұраны қастерлеп, дәстүрін дәріптеп жүрген шығармашыл жастар ғаламторда да кеңінен танымал. Олардың REELS-тері шағын кино іспетті. Қазақтың байтақ даласы мен шексіз жазиралы өлкесін көрсете отырып орындаған әуендері бейнебаяндарын әсерлі ете түседі.
Кейінгі жылдары шетелдік композиторлардың шығармаларын домбырада ойнау сәнге айналды. Бұл бағытта Temirlan & Yernat дуэті де ерекше көзге түседі. Музыкадағы жеті нота – домбыраның пернесіне сай келеді, сол себепті қос ішекті аспап кез келген шетелдік музыканы орындауға қауқарлы екенін дуэттің өнерінен аңғаруға болады.
Дәстүрлі поп-музыка стилінде өнер көрсететін жігіттер өздерінің авторлық шығармаларын да жазады. Бүгінде олар этнодекостиль және этномодерн бағытындағы әуендерді көпшілікке ұсынады.
Бүгінде домбырашы жігіттердің өнерін тамашалау халық арасында кәдімгі трендке айналған. Табиғатын өзгертпей, дәмін бұзбай орындайтын әуендерін әлеуметтік желі қолданушылары парақшаларында жиі пайдаланады.
«Бізді танымал еткен – қолымыздағы домбыра! Мақсатымыз – дәстүрлі әуендерді ұлттық болмысымызды сақтай отырып әлемге таныту, насихаттау», – дейді өнерпаздар.
Иә, домбыраның үні жаныңды тербетеді, көңіл күйіңді көтереді. Ең кереметі, кеудеңде асқақ күш-жігер, өмірге деген құштарлық, туған еліңе, жеріңе, ұлтыңа деген шексіз махаббат сезімін сыйлайды.
Ендеше, бабалардың сырлы жүрегінен туған дәстүрлі әуендер қазақ деген ұлт барда, осындай талантты ұлдар барда мәңгі жасай бермек. Қос ішектің үніне елітіп, қазақтың рухымен сырласқыңыз келсе, Temirlan & Yernat дуэтінің концертіне келіңіз, құрметті оқырман!
«Ақшамның» анықтамасы:
Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері. Дуэт университет қабырғасында құрылған. Алғашында «Бастау» деген атпен шығып, кейіннен Temirlan & Yernat деген атауды таңдаған. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертте» қызмет атқарады. Екі өнерпаздың да отбасы бар.