Украина 30 күн бойына соғысты тоқтатуға келісті
Жаһандық саясаттың басты ерекшелігі – күн сайын өзгеріп отыруында. Әлемнің назарын аударған В.Зеленский мен Д.Трамп арасындағы Ақ үйде өткен «дипломатиялық тартыстан» екі апта өткен соң, украиналық және америкалық дипломаттар Сауд Арабиясының Джидда қаласында келіссөздер жүргізді. Сегіз сағатқа созылған кездесудің нәтижесінде Украина алғаш рет АҚШ тарапынан ұсынылған 30 күндік соғысты тоқтату және келіссөздерге қайта оралу туралы ұсынысты қабылдады. Сәйкесінше, АҚШ тарапы бұған дейін тоқтатылған қорғаныс саласындағы қаржыландыруды қайта жандандырып, арнайы қызметтер арасында ақпарат алмасуды жалғастыратын болды. Келіссөздердің басты ерекшелігі – осыған дейін қауіпсіздік кепілдігінсіз ешбір келісімге келмейтінін мәлімдеген ресми Киевтің бұл жолы «30 күндік кідіріс» стратегиясын бірауыздан қолдауы болды. Жалпы, отандық БАҚ-та Украинадағы қақтығыс мәселесінің жүйелі түрде жазылуының басты себебі – оның аймақтық геосаяси тәртіпке ықпалы мен салдарын талдау қажеттілігі. Сондықтан мақаламызда Джидда қаласында өткен келіссөздердің нәтижесінің Украинадағы бейбітшілікке әсерін талдап көрелік.
· АҚШ тарапынан ұсынылған 30 күндік бейбітшілік жобасының нәтижелі болуы – ресми Мәскеудің ұстанымына тікелей байланысты. Кеше баспасөз мәслихатында Д.Трамп осы аптада қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Стив Уиткоффтың Мәскеуге баратынын мәлімдеді.
· Bloomberg басылымының мәліметінше, апта соңында америкалық және ресейлік дипломаттардың келіссөз үстеліне отыруы жоспарланған. Нақты қай қалада өтетіні әзірге жарияланған жоқ.
· 11 наурызда Украина президенті Сауд Арабиясына ресми сапармен барып, тақ мұрагері Мохаммед бин Салманмен кездесті.
· Қазақстан халықаралық кез келген саяси қақтығысты дипломатиялық келіссөздер арқылы шешу керек деген ұстанымының маңыздылығын дәлелдеп келеді.
Кең ауқымды тақырыптар қамтылды
Қызыл теңіз жағалауындағы портты қала Джиддада өткен сегіз сағаттық келіссөзден кейін қос тарап баспасөз мәлімдемесін жасады. Мәлімдемеде негізінен ортақ қол жеткізілген келісім туралы айтылғанымен, талқылау барысында екі тараптың кең ауқымды тақырыптарды қамтығаны анықталды. Джидда қаласында өткен бұл келіссөздің басты ерекшелігі – нақты келісімдерге қол жеткізуі болды. Енді басты назар аударатын жайттарға тоқталсақ. Біріншіден, соңғы екі апта бойы «кідіріс» деңгейіне түсіп, алыстай бастаған Украина мен АҚШ арасындағы байланыс қайта қалпына келтірілді. Украина президенті В.Зеленский АҚШ пен Украина қарым-қатынасының әлсіреуі кейбір елдерге тиімді болуы мүмкін екенін атап өтті, бірақ Киев стратегиялық әріптестігін сақтап қалуға ниетті екенін білдірді.
Нәтижесінде, украиналық дипломаттар алғаш рет қауіпсіздік кепілдігінсіз Д.Трамп әкімшілігі ұсынған келіссөзді қабылдап, тіпті сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл келіссөздер Украина бейбітшілікке ұмтылатынын көрсеткенімен, оның қаншалықты тиімді болатыны осы аптада өтетін АҚШ пен Ресей дипломаттарының келіссөзіне тікелей байланысты. Ресей үшін де соғысты ұзақ мерзімге созу тиімсіз. Дегенмен, Washington Post басылымының жазуынша, ресми Мәскеу ұсынылған жоспарды қосымша шарттармен қабылдауы мүмкін. Егер ұсынылған 30 күндік бейбітшілік мерзімі қабылданса, оның тағы бір белгісіз мерзімге ұзартылуы мүмкін. Алайда, алдағы уақытта қақтығыстың қайта басталмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Екіншіден, Джидда қаласында өткен келіссөздің маңызды жетістігі – АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио атап өткендей, келесі дипломатиялық қадам ресми Мәскеуде жасалуы тиіс. Осы аптада Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге келіп, келіссөздер жүргізеді. Келіссөз нәтижесі қандай болса да, бұл қадам Мәскеуде дөңгелек үстел форматында келіссөздерді бастауға негіз қалауы мүмкін. Сонымен қатар, Д.Трамптың дипломатиялық әлеуеті мен Мәскеумен тиімді келіссөздер жүргізу қабілеті сынға түспек. Бейсенбі күні ол журналистерге берген сұхбатында, егер Ресей бұл ұсыныстан бас тартса, ауқымды экономикалық санкциялар енгізілетінін мәлімдеді. Қалай болғанда да, Марко Рубио BBC журналистіне берген сұхбатында атап өткендей, халықаралық саясатты футболға теңесек, ендігі «доп Мәскеуде». Делегациялар сондай-ақ бітімгершілік процесінің бір бөлігі ретінде гуманитарлық миссиялардың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, қақтығысты тоқтату кезінде әскери тұтқындармен алмасу, заңсыз ұсталып отырған бейбіт тұрғындарды қайтару және күштеп қоныс аударылған украиналық балаларды елге қайтару мәселелері қарастырылды. Екі тарап та Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөз жүргізетін топтардың құрамын анықтап, келіссөздерді дереу бастауға келісті. Америка Құрама Штаттары бұл нақты ұсыныстарды ресейлік өкілдермен талқылауға міндеттенді. Украина делегациясы еуропалық әріптестерінің бітімгершілік процесіне белсенді қатысуы қажеттігін тағы да баса айтты.
«Орта держава» елдерінің медиаторлық әлеуеті маңызды
Делегациялар бітімгершілік процесінің маңызды бөлігі ретінде гуманитарлық миссиялардың рөлін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, қақтығысты тоқтату кезінде әскери тұтқындарды алмасу, заңсыз ұсталған бейбіт тұрғындарды босату және күштеп қоныс аударылған украиналық балаларды қайтару мәселелеріне назар аударылды. Екі делегация да Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөз жүргізетін топтардың құрамын анықтауға және келіссөздерді дереу бастауға келісті. Америка Құрама Штаттары бұл нақты ұсыныстарды ресейлік өкілдермен талқылауға міндеттенді. Сонымен қатар, Украина делегациясы еуропалық әріптестерінің бітімгершілік процесіне белсенді қатысуының маңыздылығын тағы да баса айтты.
Джидда қаласында өткен АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер халықаралық дипломатиядағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бейбітшілікке ұмтылыстың белгісі болғанымен, оның табысты жүзеге асуы Ресейдің ұстанымына да байланысты. Егер Мәскеу бұл бастаманы қолдаса, келіссөздер ұзақ мерзімді тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін. АҚШ өз тарапынан Украинаға әскери көмек пен барлау ақпараттарымен бөлісуді қайта жандандыруға келісті. Сонымен қатар, келіссөз барысында Украина мен АҚШ стратегиялық минералдық ресурстарды бірлесіп игеру туралы келісім жасауға ниет білдірді. Бұл тек әскери ғана емес, экономикалық әріптестікті нығайтудың белгісі деп білеміз.
Қазақстан бұл қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді әрдайым қолдап келуде. Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау үшін медиаторлық рөл атқаруға дайын екенін бірнеше рет көрсетті.