Алматының жаңа Дархан Сатыбалды әрбір алматылықтың мүддесі үшін өз міндеттерін жауапты және кәсіби орындауға кепілдік беретінін айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Жаңа тағайындалған әкім Алматының еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша Алматы шаһары бай тарихы бар, рухы ерекше және үлкен мүмкіндіктер қаласы.
"Сонымен қатар, қаламызда бірқатар сын-қатерлер бар. Бұл, ең алдымен, экологиялық проблемалар, көлік жүктемесі, сапалы және тұрақты сумен жабдықтау мәселелері, инженерлік желілердің тозуы, тығыз құрылыс.
Біздің алдымызда қаланың одан әрі тұрақты дамуы және әрбір алматылықтың өмір сүру сапасына байланысты міндеттер тұр", - деді Дархан Сатыбалды.
Алматы қаласының әкімі жұмысының түйінді басымдықтары неге негізделетініне тоқталды.
Көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту
Қоғамдық көлікті дамыту әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Күнделікті көлік кептелістерімен, жолдардың шамадан тыс жүктелуімен, атмосфералық ауаның ластануымен байланысты мәселелерді шешу үшін заманауи және экологиялық автобустарды сатып алу, автобус және троллейбус желілерін кеңейту, маршруттарды оңтайландыру және қозғалыс аралықтарын қысқарту қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, метрополитен құрылысы қарқынды жүргізіліп, BRT желілері кеңейтіледі.
"Алматы экологиялық тұрақты мегаполиске айналуы тиіс. Ол үшін сапалы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қоқыстарды бөлек жинау және кәдеге жарату, энергия тиімділігі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бастаманы қолдау, электромобильдер мен экологиялық таза технологияларға көшу үшін ынталандыруды енгізу қамтамасыз етіледі", - деді ол.
Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі
Жайлы қалалық орта базалық инфрақұрылымнан басталады.
"Біз коммуналдық желілер – сумен қамту, жылумен жабдықтау, электрмен қамтамасыз ету желілерін жүйелі модернизациялауды жүргіземіз.
Тұрғын үй қоры мен қоғамдық ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлетін боламыз", - деді Дархан Сатыбалды.
Аудандарды абаттандыру, аулаларды, көше жарығын, тротуарларды, халықтың жүріп-тұруы қиын топтары үшін қолжетімді ортаны құру – мұның бәрі жәй ғана уәде емес, нақты мерзімдері мен нәтижелері бар жоспар болады, деп сендірді ол.
Экономиканың тұрақты дамуы және кәсіпкерлікті қолдау
Алматы – бастамашыл және тапқыр адамдардың қаласы.
"Біз шағын және орта бизнеске жаңа қаржы құралдары, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер және индустриялық аймақтарды дамыту арқылы қолдау көрсетеміз.
Қала IT-саланы, стартаптарды, креативті индустрияларды, туристік және білім беру қызметтерін дамыту алаңына айналады.
Біз проблемаларды жедел шешу үшін бизнес пен жергілікті атқарушы органдардың тиімді диалог жүргізу жүйесін құрамыз", - деді Дархан Сатыбалды.
Қолжетімді және сапалы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау
Сапалы қызметтер тұрғылықты жеріне қарамастан барлығына қолжетімді болу керек.
"Біз белсенді дамып келе жатқан аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар саламыз, жұмыс істеп тұрған оқу орындарын жаңғыртып, цифрлық білім беру технологияларын енгіземіз.
Денсаулық сақтау жүйесі емханаларды жаңарту, шалғайдағы шағын аудандарда жаңа медициналық пункттер салу, қызметтерді цифрландыру және салалық мамандарға қолжетімділік арқылы күшейтілетін болады", - деді қала басшысы.
Сондай-ақ, Дархан Сатыбалдының сөзінше, халықтың осал топтары – көпбалалы, қарт, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылып, қала әрбір адамға көңіл бөлетін болады.
Алматы жастар қаласы, еліміздің білім беру орталығы, креативті және тапқыр жастар тартылатын нүкте болып саналады.
Алматы – білім алуды, дамуды, жасампаздықты, елді өзгертуді қалайтындар үшін тартылыс нүктесі.
Жаңа тағайынжалған әкімнің айтуынша, жастарды, олардың бастамаларын қолдау, білім алу, бизнесті бастау, шығармашылық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту — менің жұмысымның негізгі басымдықтарының бірі болады.
"Біз Алматыға білім алу үшін келген жас өзінің болашағы мен қаланың келешегін құру үшін осында қалатын жағдай жасауға міндеттіміз", - деді Дархан Сатыбалды.
Ашықтық, диалог және есеп беру
Дархан Сатыбалдының басқарудағы басты қағидаттарының бірі жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы және тұрғындармен тұрақты диалог жүргізу болмақ.
Қала басшысының сендіруінше, қарқынды дамып келе жатқан мегаполисте тек кері байланыс, азаматтардың сенімі мен қолдауы арқылы тұрақты және әділ қалалық саясат құруға болады.
"Сондықтан мен аудандарға — алдын ала дайындалған маршруттарға емес, аулаларға, мектептерге, базарлар мен көшелерге, яғни шынайы Алматыға үнемі шығып тұратын боламын.
Мен тұрғындармен тұрақты диалог жүргізу және қаланы дамыту үшін қабылданатын шешімдердің ашықтығы арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын қамтамасыз етуге міндеттенемін.
Әрбір алматылықтың мүддесі үшін өз міндеттерін жауапты және кәсіби орындауға кепілдік беремін. Тек күш-жігерді біріктіре отырып, біз Алматыны шынымен жайлы, жасыл, заманауи және қауіпсіз қалаға айналдыра алатынымызға сенімдімін", - деді Дархан Сатыбалды.
Бүгін, 2025 жылдың 24 мамыры күні Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы активіне жаңа әкім - Дархан Сатыбалдыны таныстырды.
Президент жарлығымен бұған дейін қала әкімі болған Ерболат Досаев қызметінен босатылды.
Дархан Сатыбалды Алматы әкімі болып тағайындалды.