ffin.kz

Біздің мақтанышымыз: КҮШТІ ДАУЫС ИЕСІ ЕРЖАН МАҚСЫМ

Біздің мақтанышымыз:  КҮШТІ ДАУЫС ИЕСІ ЕРЖАН МАҚСЫМ Суреттер: ашық дереккөз

Ерекше тегі бар қазақтың тағы бір талантты баласы – Ержан Мақсым.


Бүгінде Ержан Мақсым есімі елге кеңінен мәлім, көпшілікке, әсіресе, музыкаға бір табан жақын жандарға жақсы таныс болар. «Біздің мақтанышымыз» шығарылымының бұл жолғы санын ереше дауыс иелерінің бірі, күшті дауыс иесі Мақсым Ержанға арнауды жөн санадық.


Балалық шағы


Ержан 2007 жылы 1 қаңтарда еліміздің Орал қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Тегіне қарап, «ұлты таза қазақ па?» деген сұрақтар көп қойылса керек. Ержанның өзінің айтуынша, оның атасының аты Мақсым болған. Алайда құжатта Максим болып жазылып кетіпті.



Ержан отбасында екі әпкесінен кейінгі кенжесі. 3-4 жасынан бері ән айта бастаған, ұлдарының әнге деген қабілетін байқаған ата-анасы оны бес жасынан бастап, вокалға берген. 9 жасынан бастап Оралдағы жергілікті музыкалық мектептің фортепиано сыныбына қабылданыпты.



Табиғатынан ашық, елгезек Ержан спортты да ерекше жақсы көреді екен. Ол роликті коньки тепкенді, сонымен бірге футбол ойнауға да жаны құмар.


Сахна, музыка


Кез келген әншінің бағы сахнада ашылады, сахнада жұлдызы жанады, сахна арқылы танылады. Ержан вокалға ұзақ уақыт қатысқан, даусын қоюға арналған арнайы жаттығуларды да жасап жүрген. Дейтұрғанмен, бастапқыда сахнаға шығар алдында бала Ержан қобалжығаннан жиі жыласа керек. Уақыт өте келе, бұл қорқынышын жеңген Ержан Мақсым қазіргі таңда көрермен алдында өзін еркін ұстайтын, өзіне, бастысы, өз дауысына сенетін музыкантқа айналды.



Көптеген музыкалық байқауларға қатысып жүрген Ержан халықаралық аренадағы алғашқы жетістіктеріне 9 жасында қол жеткізді. Жас дарын 2016 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «Дельфин Фест» ән байқауына қатысып, бас жүлдені иеленді. Дәл сол жылы Латвияда сол байқауға ұқсас конкурста да бағын сынап көрді. Онда ол бірден бірнеше аталым бойынша қатысып, 2 алтын мен 1 күміс жүлдені иеленді.


2017 жылы жас орындаушы өзін Италияда өткен San Remo Junior байқауында танытты. Бұл жерде ол финалға өтіп, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән орындады. Жас өнерпаздың бұл орындауы көрермендерді таң қалдырып, көптің есінде қалды.



Көп ұзамай, Ержан Витебскте «Славян базарына» қатысып, екінші орыннан көрінді. Ержанның ата-анасы Гүлмира Әлібек пен Ербол Наумов ұлдарының талатын танытып, әнін шыңдау үшін қолдарынан келгенін аямай келеді.



Ержан Мақсымның әншілік кареьерасында маңызды кезеңдердің бірі – «Балалар Евровидениесі -2018» байқауы болды. Бұл сайыстың іріктеу кезеңдеріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген бала қатысты. Бірақ ұлттық іріктеуге он қатысушы ғана өтті. Солардың қатарында Ержан Максим да болды. Ән байқауында Ержанның бірінші орын алуына ұпайы жетпей қалғанмен, бұл сайыс ол оның басқа жобаларға қатысуына жол ашты.



Ержанның атын шығарған шоу


2019 жылы Ержан Мақсым Ресейдің Бірінші арнасының «Голос.Дети» шоуының 6-шы маусымына қатысты. Оқушы федералдық арнада өнер көрсету туралы шешімін өзінің талантын көрсетіп, әлемді мойындату ниетімен түсіндірді.


Бұл оның кішкентай кезінен арманы еді, бірақ ата-анасы ұлы қажетті тәжірибе жинады-ау деген кезде олар оны сол шоуға қатыстыруға өтініш беруіне рұқсат берді.


Байқаудың «Көрмей тыңдау» деп аталатын 1-кезеңі үшін Ержан Андреа Бочеллидің «Ama credi e vai» әнін таңдаған болатын. Сол күні жас орындаушыларға төрелік ететін тәлімгерлер қатарында Пелагея, Светлана Лобода және Валерий Меладзе болды. Төрелік айтқан атақты музыканттар Ержанның орындауын жоғары бағалап, өнеріне ерекше тәнті болып жатты. Бұл кезеңнен өткен бала әнші Валерий Меладзені өзіне тәлімгер ретінде таңдады.



Дауыстың күштілінен стакан сынып кеткен


Ән байқауының екінші кезеңінде қатысушылар триоға біріктіріліп, тәлімгер таңдаған әнді орындау қажет болды. Бұл сында Ержанмен бірге Иван Стариков пен Ислам Балкоев есімді қатысушылар бір топта өнер көрсетті. Жас балалар Мүсілім Магомаевтың «Синяя вечность» әнін орындады. Біздің елдің намысын қорғаған Ержан Мақсымның өз партиясын мінсіз орындағаны сондай, дирижердің жанында тұрғын стакан шынысы шытынап кеткен еді. Мұндай құбылысты Ержанның дауысының күштілігінен деп баға беріліп жатты сол кезде. Оқушының өнеріне тәнті болғандар сол сәтте біразға дейін қошемет көрсетіп,ұзақ уақыт бойы қол соғып тұрды. Көрерменнің ыстық ықыласынан-ақ бұл сында кімнің озық шыққаны белгілі еді. Байқауды ары қарай жалғастыратын қатысушыны анықтау кезінде таңдау бірден қазақ баласы Ержанға түсті. Байқау қорытындысында Ержан Мақсым екінші орынға ие болды.



Қалай дегенмен Ержанның кеңінен танымал болуы дәл осы байқаудан басталған еді.


Қазақтың бағына біткен бала


Ержан Мақсымның өнердегі ағасы, қолдаушысы, бүгінде есімі әлемге әйгілі Димаш Құдайберген «Голос. Дети» шоуының супер финалына шығып, жеңіске бір табан жақын қалған Ержан  туралы өз пікірін білдірген болатын.




«Бауырсақ бала! Сенің финалда көрсеткен өнеріңді тамашалап шықтым. Қазағымның бағына біткен баласың. Жеңісің құтты болсын, Ержантай! Алар асуларың көп болсын. 100 миллионнан астам халықтың арасынан 2 - орын алу деген өте үлкен жетістік. Бірінші орынды қыз балаға жігіттік танытып бере салғаның да дұрыс болды. Нағыз джентельмен сондай болады! Барлық қатысқан бүлдіршіндерді құттықтаймын. Бірақ мен үшін Ержантай жеңімпаз!» – деп жазған болатын сол кезде Димаш Instagram желісіндегі парақшасына.



Ержанның өнеріне бұдан асқан баға бар ма?! Ержанның өзі де Димаш ағасын өзіне үлгі тұтып, әлемдік жұлдызға қарап, бой түзеп келеді.


Қызыл кілем, сыйлы қонақ


Димаш Құдайберген мен Ержан Мақсым 2019 жылы «Муз-ТВ 2019» кешіне арнайы шақырылған болатын. Музыкалық шарада Ержан Максим «All by myself» әнін әуелете шырқап, залдың үлкен қолдауына ие болды.


Димаш Құдайберген мен Ержан Мақсым «МУЗ-ТВ» сыйлығына арналған салтанаттың қызыл кілемімен жүріп өтіп, ел мерейін тағы бір асқақтатқан болатын.



2019 жылы Ержан тағы бір байқауда бақ сынады («Песня на вылет»). Бұл конкурста да жас әнші Бочеллидің «Ama credi e vai» әнін қайта орындап, бірден финалға өтті. Бірақ жарыс қорытындысы бойынша, ресейлік әнші Алсудың қызы жеңіске жетті.


WAF CONTEST – бас жүлде


Биылғы жылдың басында қазақстандық жас әнші Ержан Мақсым Македония астанасы Скопье қаласында өткен WAF CONTEST халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.


Бір айта кететіні, қазір жас әнші Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің эстрадалық вокал бойынша 9-сыныбында оқиды.


Ержан Мақсым сонымен қатар жыл сайынғы WAF AWARDS жүлдесіне ие болды.



Университет мәліметі бойынша, бұл екі жарысты Дүниежүзілік фестивальдар қауымдастығы өткізеді. WAF өткізген әр түрлі байқаулардың белсенді қатысушылары жыл қорытындысына сәйкес марапатталады.


Биылғы жылы WAF CONTEST байқауында Еуропа және Азияның 16 мемлекетінен, соның ішінде Қазақстаннан 32 қатысушы бақ сынады.


Олардың арасынан Ержан Мақсым байқаудың Гран-при иегері атанды. Ол өзінің жеңісін Қазақстанға, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетіне арнады. Бұл университеттің биыл тойланатын 25 жылдығына алғашқы тарту болды.




«Қазір Ержан 15 жаста. Оның Оралда басталған әншілік жолы осылайша табысты жалғасуда», - дейді Ержанның анасы Гүлмира Әлібек.



Бүгінде Ержан алып жүрген музыкалық білімінен бөлек, әншілігін шыңдап, ән жазып, отандық шоу-бағдарламаларға қатысып, бағын сынап жүр. Жас та болса, осы жасына дейін әншінің жеткен жетістіктері аз емес. Әлемдік аренада Қазақстан атын шығарар жастардың бірі деп мақтанышпен, зор сеніммен айтуға болатын осындай жастырымыздың бары қуантады.  


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07