Әлемге Қазақстан атын әйгілеген, елге осындай сыйлықты танытқан қазақтың қара баласы - Иманбек Зейкенов.
Еліміздің атын халықаралық аренада танытып жүрген қазақстандықтар жайлы айдарымызды жалғастырамыз.
Грэмми жыл сайын Американың Өнер және дыбыс жазу ғылымы ұлттық академиясы (NARAS) тағайындайтын музыкалық премия. Бұл сыйлық академияның белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижесі бойынша тағайындалады. Олардың қатарында әртістер, музыканттар, продюсерлер, студиялық дыбыс режиссерлері және әлемнің дыбыс жазу саласындағы майталмандар бар. Осылайша, Грэмми музыкалық индустрияның ең жоғары марапаты болып табылады, бұл оны концептуалды түрде кинодағы Оскармен және телевизия саласындағы Эммимен байланыстырады.
«Грэмми» сыйлығын алған мынадай белгілі адамдар мен музыкалық топтар бар: Фрэнк Синатра, The Beatles, The Rolling Stones, Стинг, Элвис Пресли, Джон Леннон, Тина Тернер, Джордж Бенсон, Би Би Кинг, Боб Дилан, Уитни Хьюстон, Мадонна, Бейонсе, Рианна. Дирижер Георг Шолти 31 рет (рекорд), «U2» тобы 22 рет, Майкл Джексон 13 рет алған екен. |
Ал біздің еліміздің бүгінгі тарихында тұңғыш Grammy сыйлығын Павлодар өңірінің тумасы Иманбек Зейкенов иеленді.
Оның нұсқасында шетелдік орындаушының әніне жазылған ремикс төрт ай бойы әлемдік музыка чартының үздік ондығынан түспеді. Бұл қарапайым теміржолшы қазақ жігітінің өз атын ғана емес, елімізді өнер саласында танытқан, көпшілікті таңдандырған керемет жетістігі болды.
Иманбек Зейкенов 2000 жылы 21 қазанда Павлодар қаласынан 50 шақырым жердегі Ақсу қаласында дүниеге келген. Сол жерде өсіп-өнген. Иманбек 8 жасында алғаш рет әкесі сыйлаған гитарада ойнаған. Теміржол институтында оқып жүргенде, ол Ақсу теміржол станциясында жұмыс істей бастады. Бірнеше жыл «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның Ақсудағы бөлімшесінде белгі беруші болып жұмыс істеді. Ал музыка оның бала күнінен бергі хоббиі, Иманбектің арнайы музыкалық білімі жоқ. Гитара тартуды әкесі үйретсе, музыка жасауды өз бетінше YouTube желісіндегі видеоларды қарай отырып үйренген.
Grammy сыйлығына ұсынылған ремиксті жас талант небәрі 2 сағаттың ішінде жазып шыққан.
Айта кетейік, Иманбек мұндай марапатқа ұсынылған алғашқы қазақстандық. Бүгінде оның 50-ге жуық туындысы бар.
Әлемдік музыка бағытындағы айтулы сыйлықтардың бірі Grammy («Грэмми») жүлдесінің 63-інші салтанатты марапаттау рәсімі жаһандық пандемияға байланысты онлайн өткен болатын. Зейкеновтің америкалық рэпер Saint Jhn-ның «Roses» композициясына (2016) арнап 2019 жылы жасаған ремиксі үздіктер қатарында аталды. Көптеген музыкалық пабликтерде америкалық орындаушының композициясына жазылған оның «Ең үздік ремикс» номинациясының жеңіп алған туындысы бұл әннің алғашқы нұсқасынан әлдеқайда ұтымдырақ шығып, оған екінші өмір сыйлағанын және танымал бола түсуіне жол ашқанын жарыса жазылды.
Оның шығармасы «хит» болғанын тректің «Billboard Hot 100» үздік ондығында 4 айдай тұрды. Ремикс Apple Music-тің ТОР-10 қатарына кірді, Shazam музыкалық қосымшасында 22 млн қаралым жинап, ұзақ уақыт бойы «Яндекс. Музыка» чартында алғашқы орынды бермей тұрды.
Трек бірнеше чартта, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда көш бастап, The Weeknd, Dua Lipa, Billie Eillish, Roddy Ricch және Justin Bieber сияқты әртістерден озық болды.
«Әр музыканттың мансап жолындағы ең керемет сәт – Grammy сыйлығын алу. Біз осы жетістікке қол жеткіздік!» деп жазды сол кезде Иманбек.
Грэмми жүлдесіне ие болғаннан кейін көп ұзамай өнерпаз Imanbek Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазған.
Қазақстандық алғашқы Грээми иегері жайлы америкалық New York Times газеті мақала жариялаған.
«Менің жетістігімнің жаһандық деңгейге ие екенін түсінемін. Енді мен «бір реттік әртіс» емес екенімді дәлелдеуім керек», – деді музыкант The New York Times газетіне берген сұхбатында.
Соның дәлелі ретінде қазақстандық диджей Иманбек Зейкеновтың қоржынында (Imanbek) Billboard Awards жүлдесін де көп ұзамай иеленді.
Иманбек Зейкенов Saint JHN-ның Roses әніне жасаған ремиксі үшін «Үздік электрон ән» номинациясында да марапатқа ие болды.
«Billboard Awards марапатын алдым. Ол да Grammy сияқты, тағы бір сыйлық қанжығада», деген болатын музыкант.
Billboard Music Award – музыкалық чарттардағы үздік жетістіктері үшін америкалық музыкалық баспа Billboard басылымы беретін музыкалық сыйлық.
Грэммиден кейін жұлдызы жанған қарапайым жігіт бұл жүлдесінен кейін осы сынды көптеген рейтингтер мен конкурстарда аты аталып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Ол әртүрлі елдердің жұлдыздарымен бірлесіп, сансыз жұмыстар жасап жүр.
Былтыр Imanbek-тің туындысы 1 млрд мәрте тыңдалғаны үшін Spotify сыйлығына лайық деп танылған болатын.
Одан бөлек, қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Ресейдің GQ журалының жыл сайынғы сыйлығында «Жыл жаңалығы» аталымында жеңіске жетті.
Осылай музыкаға деген сүйіспеншілігінің арқасында бір-ақ күнде танылған Иманбектің фотосы биыл наурызда Нью-Йорктегі Таймс-сквер ғимаратының экранына шықты. Иманбек Зейкенов бұл туралы өзінің Instagram парақшасында Таймс-сквер ғимаратының экранына шыққан суреті үшін екі дыбыс жазу студиясына алғыс білдірді. Бұл оның американдық музыкант Тревор Дэниелмен бірлесіп жұмыстанған жаңа трегінің жарнамасы.
Ал біз өз кезегімізде еліміздің жақсы имиджін қалыптастыруда үлесін қосып жүрген жігіттің шығармашылығына шабыт, әлі де көптеген жетістіктерге жетуіне тілектеспіз!