Той күнін "әдемі датаға" жоспарлау кейінгі жылдары трендке айналды. 2026 жылы жұп-жұбымен келетін, қайталанатын және "26" саны бар күндер көп. Aqshamnews.kz тілшісі биылға қуанышын жоспарлап жүрген жандарға таптырмайтын материал ұсынады.
Қыс, көктем, жаз, күз: қай мезгілде "әдемі" дата көп?
Қысқы тойдың атмосферасы ерекше. Ал танымал күндер тез брондалады. Бұл маусымда ең жиі таңдалатын даталар: 26.01.2026, 02.02.2026, 14.02.2026, 26.02.2026, сондай-ақ жылдың аяғындағы 12.12.2026 және 26.12.2026.
Ал көктем - "жаңа бастау" символы. Жұптар көбіне "айналы" даталарды таңдайды: 03.03.2026, 04.04.2026, 05.05.2026, сондай-ақ айдың "26" күнімен келетін 26.03.2026, 26.04.2026, 26.05.2026.
Жаз - нағыз тойдың маусымы. Бұл уақыт ашық аспан астындағы тойға ыңғайлы болғандықтан, 06.06.2026, 20.06.2026, 22.06.2026, 26.06.2026 және 08.08.2026 секілді даталар алдын ала жоспарлауды қажет етеді. Тіпті қазірден бастап бұл даталарды броньдап қоя берген жөн.
Күздің ерте кезеңі қуыншты күндерге жайлы әрі фотосессияға көркем фон береді. Бұл маусымда жиі таңдалатындары: 09.09.2026, 10.10.2026, 11.11.2026 және айдың "26" күнімен келетін 26.09.2026, 26.10.2026, 26.11.2026.
Дұрыс дата таңдау тағдыр үшін маңызды ма? Нумеролог кеңесі
Маңызды күндер үшін "әдемі" даталарға қызығушылық жылдан-жылға күшейіп келеді. Қазақстандық нумеролог, астролог әрі психолог Айсұлу Ахимованың айтуынша, көпшілік бұл таңдаудың астарындағы мәнге үңіле бермейді.
Маманның сөзінше, жұрт мұндай даталарды "магиялық", "махаббатты күшейтетін" немесе "сәттілікті кепілдейтін" күн ретінде қабылдайды. Бірақ ол бұл көзқараспен әрдайым келісе бермейтінін атап өтті:
"Мен мұндай даталарға тереңірек қараймын және әрдайым жаппай энтузиазмды бөлісе бермеймін. Негізгі қателік - айна датаның өзі автомат түрде "сәтті" деген сенім. Өйткені мұндай күндер "бақыт сыйламайды", тек сол күннің өзіне тән энергиясын күшейтеді. Ал ол энергияның қандай екенін көп адам білмейді, тіпті талдауға тырыспайды", - дейді ол.
Сондықтан маман "мода үшін" емес, жеке үйлесім үшін таңдауға шақырады: дата таңдағанда жұптың жеке сандары, жыл мен айдың астрологиялық фоны және психологиялық дайындық қатар ескерілуі керек. Қажет болса, "ең әдемі емес" күннің өзі отбасы үшін ең тұрақты күн болып шығуы мүмкін.
"Кейбір даталар қауіпті болуы мүмкін..."
Бұған қоса, астрологиялық фактор да маңызды. Нумерологтың айтуынша, 2026 жылы 22 ақпан "тұтылу дәлізіне" сәйкес келеді. Бұл кезеңде тағдырға қатысты шешім қабылдауда қауіп артып, иллюзия, асығыстық және күтпеген бұрылыстар жиілейді.
"Психология тұрғысынан бұл - адамдардың жетілген таңдаудан гөрі, мазасыздық пен сыртқы қысымның әсерімен әрекет ететін уақыты", - деп түсіндіреді ол.
Айсұлу Ахимова 26.06.2026 күні туралы былай деп түсіндіреді:
"Бұл датада эмоция тым күшейіп, қарым-қатынаста “алдымен жарқ ету, кейін суып қалу” сценарийі пайда болуы мүмкін. Ал “6” энергиясы тұрмыс пен есепті алға шығарып, сезімді "пайдамен өлшеуге" итермелейді", - дейді ол.
Маман айна даталарға қарсы емесін, бірақ талдаусыз жасалған таңдауды құптамайтынын алға тартты.