Биыл Абайдың 180 жылдығы елде қалай еленді? Шолу

  • 10:03, 10 тамыз 2025
Биыл Абайдың 180 жылдығы елде қалай еленді? Шолу Суретті түсірген - Самат Құсайынов

2025 жылдың тамызы – қазақ рухы мен әдебиетінің алтын айы. Өйткені 10 тамызда ұлттың дара данышпаны, аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Бұл дата – тек тарихи белгі емес, ол – ұрпақтар арасында ұлттық сана мен мәдениетті жаңғыртуға тың серпін беретіні анық. Ал биыл еліміз үшін айтулы датаға орай қандай бастамалар елді шулатты? Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан біліңіз. 

Республика бойынша 500-ге жуық іс-шара

Биыл елімізде ұлы ақынның құрметіне 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Мәдени-рухани бағыттағы бұл бастамалар халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде өтіп жатыр. Мәдени іс-шаралар Семейдегі ауқымды концерттен бастау алды. Сондай-ақ, Абай мұрасын насихаттауға арналған көрмелер мен ғылыми конференциялар қолға алынды. 

"Абай академиясы" энциклопедиялық порталы іске қосылды

Алматыда және басқа да қалаларда "Абай академиясы" энциклопедиялық порталы іске қосылды. Бұл платформа ақын шығармашылығын цифрландырып, баршаға қолжетімді етуді мақсат етеді. Сонымен қатар, Мақаншыда Алакөл жағасында халық әртісі Секен Тұрысбеков пен "Ақ жауын" оркестрінің концерті, Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылды.

Ғылыми ортада қалай еленді?

Ғылыми ортада да игі жаңалықтар бар. Абайдың шығармалары әлемнің 10-нан астам тіліне аударылып, Түркі кеңесі "Абай жылы" деп жариялады. Тіпті Қазақстан елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылып, ақынның әлемдік деңгейде танылуына үлес қосып жатыр. 

"Абай мен Құнанбайларға - сыйақы табысталады"

Сонымен бірге, кәсіпкерлер мен белсенділер жаңа бастама көтеріп, 10 тамызда туған барлық Абайларға 180 мың теңгеден және Құнанбай есімін иеленген 10 сәбиге 300 мың теңгеден берілетінін хабарлады. Бұл – ұлт рухын жаңғыртып, тарихи есімдерді қайта түлетуге бағытталған маңызды қадам.

Биылғы Абайдың 180 жылдық мерейтойы – бұл тек мереке ғана емес, рухани жаңғыру мен әдеби дәстүрді жаңа деңгейге көтеру күні. Мерейтой аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген меймандар ұлы хакімнің рухани әлемімен танысып, оның сөздерін терең зерттеуге мүмкіндік алды. Мәдени шаралар ақынның туған топырағы - Жидебайда қорытындыланады.

Алматыда қандай іс-шаралар өтеді?

Мерейтойдың басты салтанаты 10 тамызда – Абайдың туған күнінде өтеді. Сағат 10:00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Ал сағат 12:00-де дәл осы алаңда "Алаштың Абайы" атты музыкалық-драмалық концерт ұйымдастырылады. Концертке Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Мерекеұлы, Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова және өзге де танымал өнер иелері қатысады. Бағдарламада – Абай шығармаларынан шабыттанған театрландырылған көріністер, поэзия, вокалдық және аспаптық нөмірлер ұсынылады.

9 тамызда сағат 15:00-де Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейінде "Ұлы Абай" атты дәріс өтеді. Онда ақын бейнесі тарихи және әдеби контексте сараланады.

10 тамызда 10:00-де Махатма Ганди атындағы саябақта №4 кітапхана-филиал "Жүрегімнің түбіне терең бойла" атты арт-композиция өткізеді. Бағдарламада – әдеби ойындар, өлең оқу, Абай әндерін орындау, сондай-ақ "Ғаламның жыр данасы – Ұлы Абай" атты көрме ұсынылады.

28 тамызда сағат 19:00-де Республика сарайында "Абайға тағзым" атты мерекелік концерт өтеді. Қойылым Абайдың рухани жолын музыка, театр және биді біріктіре отырып сахналайды.

Қыркүйекте Мемлекеттік қуыршақ театрында "Мен бір жұмбақ адаммын… Абай" спектаклінің премьерасы өтеді (жас шектеуі: 16+). Қойылым Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы мен "Қара сөздері" негізінде сахналанып, ақынның ішкі жан дүниесін, парасаты мен рухани тереңдігін ашады.

Барлық іс-шара азаматтарды, әсіресе, жастарды ұлттық мәдениетке жақындатуға, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыруға және Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең ұғынуға бағытталған. Абай тұлғасы адамгершілік пен ағартушылықтың, жанды қазақ ойының символы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:23

10:15

10:03

08:17

20:49

17:32

16:46

16:37

16:31

16:27

14:55

13:29

13:13

12:51

09:47

18:00

17:14

16:52

16:19

16:04

15:35

15:14

15:10

14:54

14:08