Қоғамның дамуы ең алдымен адам капиталының сапасына байланысты. Ал бәсекеге қабілетті, құқықтық сауатты, кәсіби білімі мықты азамат қалыптастырудың негізгі тетігі – білім беру жүйесі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда белгіленген басымдықтарды білім саласындағы нақты міндеттермен сабақтастырудың маңызы зор.

Осы мәселелер Алматыда өткен қалалық семинарда кеңінен талқыланды. Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің базасында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: білім беру және адами капиталды дамыту» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға қаладағы колледждердің 250-ге жуық директоры мен директордың орынбасары қатысты.
Іс-шараны Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – жаңа Конституцияның негізгі ережелерін түсіндірумен қатар, оның білім беру жүйесі мен адами капиталды дамытудағы рөлін айқындау. Жиын барысында техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа конституциялық басымдықтарды іске асырудағы орнына ерекше назар аударылды.
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова білім беру ұйымдарының міндеті тек кәсіби маман даярлаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі студент – ертеңгі еңбек нарығының маманы ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан жастардың кәсіби білімімен қатар, құқықтық сауатын, азаматтық мәдениетін және ел алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға басымдық берілуі қажет.
– Конституция – мемлекеттің іргетасы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі әрі еліміздің болашағын айқындайтын негізгі құжат. Ал адами капиталды дамытуда жастардың орны ерекше. Кәсіптік-техникалық білім беру – жастардың сұранысқа ие мамандық алып, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін маңызды бағыт, – деді Айнұр Мұқажанова.
Заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов Конституцияны іске асырудың маңызды шарттарының бірі – оның негізгі ережелерін әр азаматқа түсінікті түрде жеткізу екенін айтты.
– Қалада білім беру саласының, оның ішінде колледж басшыларының қатысуымен семинардың өтуі Конституцияны іске асыру үдерісінің басталғанын көрсетеді. Жаңа Конституцияда бекітілген идеялар мен қағидаттарды қоғамға жеткізушілердің қатарында ең алдымен педагогтер тұр, – деді профессор. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың екі маңызды қыры бар. Біріншісі – азаматтарға Ата заңның негізгі нормаларын түсіндіру болса, екіншісі – қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру.

Жаңа Конституцияның қабылдануы білім беру жүйесіне де жаңа міндеттер жүктеп отыр. Оның ішінде білімнің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, ғылым мен инновацияны дамыту, жас ұрпақтың әлеуетін арттыру секілді бағыттар ерекше мәнге ие.
Дана САДЫРҚАН
Суретті түсірген: Қ.Қонысбаев