Алматы қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. 19 шілде күні мегаполисте кезекті сенбілік ұйымдастырылып, оған мердігер ұйымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, еріктілер, қоғам белсенділері, мемлекеттік және жекеменшік құрылым қызметкерлері белсене қатысты.
Бұған дейін атап өтілгендей, бұл бастаманың басты мақсаты — тек қана аумақтарды қоқыстан тазарту емес, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік пен белсенділікті арттыру.
Санитарлық тазалау жұмыстары қаланың барлық аудандарында жүргізілді. Оның ішінде иесіз, қараусыз қалған жерлер де қамтылды. Көшелер, тротуарлар мен арық жүйесі тазартылып, қураған ағаштар кесілді, құрылыс және тұрмыстық қалдықтар шығарылды, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы жуылып, көгалдар шабылып, жасыл аймақтардың проблемалық тұстары ретке келтірілді.
Жетісу ауданының әкімі Ляззат Жылқыбаева атап өткендей, мұндай экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
— Бұған дейін біз Айнабұлақ ықшамауданындағы Есентай өзенінің жағалауында сенбілік өткіздік. Оған шамамен 2000 адам қатысты. Сондай-ақ Солтүстік айналма жолдың бойындағы жаяу жүргіншілер жолағында ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгін Жансүгіров, Бөкейханов, Райымбек және Рысқұлов көшелері тазартылуда. Сонымен қатар Екінші Гончарная көшесінде де жұмыс жүріп жатыр. Бұл жерден 20–40 жыл бойы жиналған қалдықтарды шығарып жатырмыз.
Ең маңыздысы — бұл бастаманы тұрғындардың өздері көтеріп, тіпті нақты күнін де өздері ұсынды. Біз қатысушыларды техникамен барынша қамтамасыз етуге тырыстық. Әлеуметтік желілер арқылы да үндеу жолдадық. Мұндай пайдалы бастамаларды жалғастыруға шақырамын. Өйткені бұл ең алдымен алматылықтардың өздері үшін қажет, – деді Ляззат Жылқыбаева.
Айта кетейік, сенбілік аяқталғаннан кейін аудан әкімі тұрғындардың тұрмыстық мәселелеріне құлақ түріп, шешу жолдарын ұсынды.
Аудан тұрғыны Нұрбек Нурдан бұл сенбілік өзінің он бірінші рет қатысып отырған экологиялық шарасы екенін айтты.
— Қаланың тазалығы — баршамызға ортақ игілік. Ауданымызда мұндай тазалық шаралары жиі өтеді, қатыспай қалмауға тырысамын. Адамдар табиғатқа құрметпен қараса екен деймін, – дейді ол.
Жетісу ауданындағы сенбілікке 570 адам, 18 техника жұмылдырылып, 205 текше метр қоқыс шығарылды.
Ауэзов ауданындағы негізгі локация — «Жетысу-3» ықшамауданы болды. Мұнда аудандық жастар комьюнити-орталығының еріктілері белсенділік танытты. Ұйымның жоба менеджері Айша Балдырғанның айтуынша, бұл экологиялық акция жастардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауына және азаматтық белсенділігінің артуына себеп болып отыр.
– Қыз-жігіттер қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға шын ниетпен кірісті. Мұндай шаралар тек аудандардың тазалығы мен көркеюіне ғана емес, сонымен қатар ұжымдық жауапкершілік пен табиғатқа жанашырлық құндылықтарын орнықтыруға ықпал етеді. Жастар – өзгерістің бастауы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді Айша Балдырған.
Ал аталмыш ықшамаудан тұрғыны Айтолқын Қ. жастардың азаматтық белсенділігі үшін ризашылығын білдірді.
Ауэзов ауданындағы тазалық жұмыстарына 400 адам, 20 техника қатысып, 320 текше метр қоқыс шығарылды.
Алмалы ауданында сенбілік жұмыстары Назарбаев — Жамбыл — Розыбакиев — Қабанбай батыр және Төле би — Брусиловский — Райымбек — Тұрғыт Озал көшелерімен шектелген квадраттарда өтті. Бұл жұмыстарға 550 адам, 18 техника жұмылдырылып, 130 м³ қоқыс сыртқа тасылды.
Наурызбай ауданында Медеубеков көшесінде санитарлық жұмыстар жүргізілді (500 адам, 7 техника, 170 м³ қоқыс).
Медеу ауданында Шухов сквері сенбілік алаңына айналды (300 адам, 25 техника, 130 м³ қоқыс).
Түрксіб ауданында «Нұршашқан» ықшамауданы тазартылды (645 адам, 13 техника, 125 м³ қоқыс).
Бостандық ауданында Сәтбаев — Шагабутдинов қиылысындағы бос жатқан жер тазартылды (780 адам, 11 техника, 230 м³ қоқыс).
Алатау ауданында негізгі жұмыстар Айгерім-2 ықшамауданында атқарылды (850 адам, 28 техника, 165 м³ қоқыс).
Осылайша жалпықалалық сенбілікке шамамен 4600 адам қатысып, олардың күшімен 1475 текше метр қоқыс шығарылды.
Айта кету керек, тазалық жұмыстарының локациясы үнемі өзгеріп отырады. Сонымен қатар экологиялық акция аясында жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.