ffin.kz

Балалық шаққа саяхат

Балалық шаққа саяхат Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Балалар жылы аясында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Алтын бесік» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.


Көрмеге кескіндемелік, графикалық және мүсіндік 80-нен аса туынды, еш жерде жарияланбаған, балалар тақырыбына байланысты қазақ, орыс және шетелдіктердің суреттері қойылды.  



«Қазақстан өнері» бөлімінде балалар портреті жанры бойынша А.Ғалымбаеваның «Сәуленің портреті», И.Тоқайдың «Алма», Ю.Зайцевтің «Пионер Нариман» шығармалары қойылған. Сондай-ақ, Қ.Телжановтың «Алғаш рет», Е.Горовыхтың «Қиын тапсырма», Ә.Жүсіповтің «Алғашқы оқу», М.Толоконникованың «Бала бақшадағы таң», Р.Великанованың «Табиғатпен кездесу» және т.б. картиналары балалар өмірінен сыр шертеді. Мәселен мектептегі сабақта тақта алдында оқушының жауап беруі, апасына кітап оқып беріп жатқан бала, саябақта жүрген қыз және т.б көріністер шынайы шыққан. Бұл көріністер баланың ішкі жай-күйін беріп, балалық қуанышы мен мұңын жайып салып тұрғандай.


«Көрмеге қызым екеуміз бірге келдік. Ол сурет салуды жан-тәнімен жақсы көреді. Картиналарды көріп отырып, кішкентай кездерім есіме оралды. Апаның алдына отырып алып ертегі тыңдайтын кездерімді, мектеп қабырғасында оқып жүрген сәттерімді сағындым. Қарап отырсам, бүгін музейге кішкентай балдырғандар көп келіпті, бұл да бір өнерлі балдырғандар санының артып келе жатқанының дәлелі болар», – дейді Динара Әбілқасым есімді қала тұрғыны.


Расымен-ақ, көрмеге келушілердің көбісі дерлік балдырғандар. Суретшілердің туындылары көңілдерінен шыққанын бірден байқауға болады. Көрмеде бүлдіршіндердің образы мен мінез-құлқын дәл тауып, көркемдік талғаммен жазылған суреттерді көбірек байқадық.  



Экспозицияда Ә.Қастеевтің «Балалардың туристік жорығы». «Жас натуралистер», С.Кимнің «Аю ұстаған қыз бала» шығармалары мен «Қырық өтірік» ертегісінің желісінде жазған С.Романовтың «Бала ханға өтірік әңгіме айтуда», «Бала хан алдында» иллюстрациялары жайғасқан. Е.Сидоркиннің «Өзбек қызы», Б.Табылдиевтің «Балалық шағы» және т.б. туындылар да жүректі тербейді.


Экспозицияның екінші бөлімі шет ел өнері қорынан алынған шығармаларды ұсынды. Мұнда Ресей, Латвия, Литва, Батыс Еуропа елдері суретшілерінің жұмыстарын тамашалауға болады.


Көрмеде ХІХ ғасырдағы орыс өнерінің кескіндемесінен хабар беретін  А.Венециановтың «Саша Панаевтың портреті», С.Зарянконың «Ваня Лазаревтің портреті» және т.б. туындылар орын алған.


«С.Зарянко А.Г.Венециановтың шәкірті болған, ол бойындағы бүкіл дарынын бір ғана портрет жанрына береді. «Ваня Лазаревтің портреті» оның ата-анасының тапсырымен жасалған, өйткені ол императорлық отбасының өте танымал суретшісі болған. Зарянконың портреттері ерекше мұқияттылығымен көрермендерді өзіне тартады», – дейді экскурсия жетекшісі Айгерім Айдарбек.



ХХ ғасырдың графикалық өнерінде жаңа сапа, ерекше образ пайда болды. Бұл қазіргі адамның өміріндегі рухани процестерді жан-жақты терең талдауға деген ұмтылыстан туындаған. Кеңестік көрнекті графиктердің бірі, балалар кітабының суретшісі Алексей Пахомовтың «Мектепте» және «Қараторғайдың ұялары» атты графикалық жұмыстар осының мысалы.  Ол бала психологиясын терең түсінуге тырысқан.


Натурадан түрлі нобайлар жасай отырып, суреттерінде балалардың пластикалық қызықты кейіптері мен қимылдарын дәл аңғарып, оларды жиі бейнелеген. Суретшінің үздік графикалық туындыларының балаларға арналғаны даусыз. Экспозицияның графикалық бөлігіне Р.Гибавичюстің «Ана», К.Калинычевтің  «Ескі саяжолда», М.Фейгиннің «Қызық кітап», К.Мамоновтың «Бақбақ терген бала» атты жұмыстары қойылған.



Кескіндемелік, графикалық жұмыстарда балалардың ойнап жүрген сәттері, кішкентай кейіпкерлердің бақытты сәттері секілді балалықтың түрлі кезеңдері көрініс тапқан. Кейбір шығармалардан кейіпкердің кітап оқып отырғанын немесе спортпен беріле айналысып жақтандығын байқауға болады.


Көрмеден орын алған туындыларға қарап отырып, балалардың көңілді сәттеріне, ойлы жүздеріне қанық боласыз. Сондай-ақ, балалық шаққа саяхаттап қайтқандай сезімге бөленуіңіз ғажап емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58