Жалпы аталмыш фестиваль аясында 240 мыңнан астам бала қамтылып, үздіктері диплом және сертификаттармен марапатталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Осыдан бірнеше ай бұрын 1–11-сынып оқушылары шығармашылық, спорт, әдебиет, экология, робототехника және бағдарламалау бағыттары бойынша түрлі байқауларға қатысқан болатын.
Солардың ішінде Алатау ауданындағы N217 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Бұлбұл Түзелбаеваның да шәкірттері жеңістің алқасын таққан.
“Біз - құрбым Нұрай Байқадам екеуміз “Апорт-карантин” жобасын сәтті қорғадық. Бұл жұмысымызды AI жүйесін қолдану арқылы жасап шықтық. Алматы апорттың отаны екенін жақсы білеміз. Болашақта біздің қала алмасы төгіліп тұрған алып шаһар болғанын және апорттың әлемдік брендке айналғанын қалаймын. Жобамыз сол арманның негізінде жасалған. “Bala fest” бізге жаңа шабыт сыйлады”, - дейді N217 ЖББМ оқушысы Әнел Бейсетан.
Ал Жетісу ауданының тұрғыны, жас ата-ана Әйгерім Кенжеғұлдың N148 мектеп-гимназияда оқитын екі баласы да жүлделі болыпты
“7-сыныпты бітірген ұлым Әнуар вокалдан, ал 4-сыныпты аяқтаған қызым Рахима ермексаздан болашақтың қаласын бейнелеп жеңімпаз атанды. Қазіргі балалардың қиялы, ойы ерекше ғой. Рахима “Жасыл Алматы” деген жобасында қаланы, оның экологиясын роботтардың көмегімен қалай қорғау керектігін бейнелепті. Сондай-ақ сол жансыз бейнелерді ЖИ көмегімен тірілткені тіпті керемет! Жалпы, Алматыда балалар үшін ашылған үйірме өте көп. Қалағанына бара алады және бәрі тегін. Екі баламыз да бірнеше үйірмеге барып жүр. Ал бұл фестиваль сол жетістіктерімізді паш етіп, шабыттандыра түсті. Шабыт демекші, ұлым фестивальге үш жыл қатарынан қатысып жүлдегер болып жүргесін бе, қызым да ағасына қарап, қызығып, еліктеп, міне, жүлде алды. Бала - отбасының ғана емес, елдің де болашағы. Бізге жол көрсетіп жүрген ұстаз-жетекшілерімізге алғыс айтамын,” - дейді
қуанышты ата-ана Әйгерім Кенжеғұл.
Кеше Халықаралық балаларды қорғау күнінде Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметова саябағында өткен қалалық “BALA FEST - 2026” фестивалінде мейман болған 5 мыңнан астам оқушының арасында осы Нұрай, Әнел, Әнуар және Рахима сынды жас достарымыз да болды.
Нұржамал ӘЛІШ