Қандай мемлекет болсын, оның халқының денсаулығы да сол елдің экономикалық-әлеуметтік дамуының көрсеткіші болады. Ендеше «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Бізде кейінгі жылдары медицина саласында қаншама ірі реформалар жасалды. Мысалы, Денсаулық сақтау кодексі, Әлеуметтік сақтандыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оңды бір өзгеріс бола қойған жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі Жолдауында осы денсаулық саласының қаржыландырылуын сынға алғаны бекер емес.
Енді ерікті медициналық қамсыздандыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Шын ойымды айтар болсам, бұл жүйе айтарлықтай бір өзгеріс жасай қояды дей алмаймын. Халықтың жағдайы мәз емес.
Медицинада, әсіресе, маман кадрлар даярлауда сапа төмен. Қазіргі күні жүрдім-бардым оқып шыққандар жетерлік. Аурудың емін тауып, жазу былай тұрсын, жылы қабақ танытпайтын дәрігерлер де күнделікті өмірде кездесіп жатады. Біз дәрігерлерді даярлауда олардың сауатты, білікті маман болып шығуына аса көңіл бөлуіміз керек. Сан емес, сапа қажет. Себебі, дәрігердің қолында адамзаттың тағдыры тұрады. Медициналық мекемелер сапалы да заманауи техникалық аспаптармен қамтамасыз етілуі де маңызды. Науқастарды ары-бері сандалтуды қою керек. Шалғай елді мекендерде ауруы асқынған, бірақ қалаға жетуге қаражаты жоқ ағайын қаншама! Тісі түскен, онкологиялық және тағы басқа да ауыр сырқатқа шалдыққан ел-жұрттың жайы мені де алаңдатады. Ауыл халқының денсаулығына аса көңіл бөлуді Президент өте дұрыс айтты.
Мемлекет басшысы әр ауданда клиникалық ауруханалар салып, жабдықтауды, оларды білікті мамандармен қамтамасыз етуді тез арада қолға алуды тапсыруы өте құптарлық. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады деді. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбеймек. Бұл қадамдар денсаулық саласына жаңа леп әкеледі деп сенгім келеді.
«Ұлттық қор – балаларға» атты мүлдем жаңа бағдарлама ашылады деді. Елең еттім. Аты, заты өзгеше екен. Одан да жақсылық күтемін. Себебі, Жаңа Қазақстанды жасайтын сол ұрпақ.
Қазіргі күні бағаның өсуі, азық-түліктің тапшылығы, жемқорлық, ішкі, сыртқы саясаттағы беймаза ахуал көптің көңіліне алаң туғызып жүргені жасырын емес. Президентіміздің «елімізге болсын» деген адал ниетіне, жасампаз қадамдарына кедергі келтіріп, күйе жаққысы келетін кейбір топтардың әрекеттерін ақымақтық деп ойлаймын. Қаншама жұмыс істеліп жатса да, көргіміз келмейді. Мемлекет басшысы ешқашан мәңгілік президент болмайтынын баса айтып, жеті жыл мерзімге ғана сайланғанын дұрыс деді. Келісемін. Мемлекет басында отырған кім-кім де жеті жыл ішінде елге лайықты президент, яғни ізбасарын тәрбиелеп, дайындап, халыққа ұсынатын да шығар. Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Ал қазір Жолдауда айтылған қадау-қадау тапсырмалардың жүзеге асуына жалғыз Президент емес, біз де, халық, қоғам болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Іске сәттілік тілеймін, ел аман, жұрт тыныш болсын!