Алматыда Республика күніне орай түрлі буын өкілдерінің басын қосқан ғылыми-практикалық конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жиынға қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ, студенттер қатысты. Қатысушылар Декларацияның тарихи маңызы мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлін талқылады.
Конференцияға қатысушылардың бірі - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі әрі қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев болды. Ол 1990 жылғы 25 қазанда Декларацияның қабылдануына байланысты естеліктерін бөлісіп, мемлекеттік егемендікті сақтап, нығайтудың маңызын атап өтті.
«Көптеген халық егемен ел болуды армандайды. Біз сол мақсатқа қол жеткіздік. Тәуелсіздігімізді жариялау арқылы еліміз парасатты әрі дана мемлекет болуға ұмтылатынын көрсетті. Ендігі міндетіміз - егемендігімізді нығайтып, Декларацияда негізі қаланған идеяларды одан әрі дамыту», - деді Асқар Жұмаділдаев.