Ақтауда еліміздің барлық өңірлерінен келген компанияның үздік спортшыларының басын қосқан «Қазақтелеком» АҚ-ның дәстүрлі ХІ Спартакиадасы аяқталды. Мамыр және маусым айларында Қазақстанда өңірлік іріктеу турнирлері өтіп, олардың қорытындысы бойынша ең мықты қызметкерлер жарыстың финалдық кезеңінде өз командаларының намысын қорғау құқығына ие болды.
Биыл Каспий теңізінің жағалауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен компанияның 430-дан астам қызметкері жиналды. Екі күн бойы қатысушылар спорттық шеберліктерін, жеңіске деген жігерлігі мен командалық рухын көрсете отырып, командалық және жекелеген спорт түрлерінен бақ сынасты.
Жарыстың ашылуында «Қазақтелеком» АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов Спартакиаданың тек спорттық іс-шара ғана емес, аймағы мен мамандығына қарамастан компания қызметкерлерін біріктіретін маңызды корпоративтік дәстүрге айналғанына тоқталып өтті.
«Спорт бізді ортақ нәтижеге жұмыс істеуге, бір-бірімізге қолдау көрсетуге және алға қойған мақсаттарға жетуге үйретеді. Дәл осы қасиеттер бізге спорт алаңдарында да, күнделікті жұмыста да көмектеседі. Биылғы Спартакиада барлық қатысушыларға жарқын эмоциялар, жаңа таныстықтар сыйлап, «Қазақтелекомның» күші — оның адамдарында екендігінің тағы бір дәлелі болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Ержан Мейрамов.
Спартакиада бағдарламасына баскетбол, футзал, волейбол, жүзу, шахмат, теннис, киберспорт, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, қол күресі (армрестлинг), садақ ату және басқа да спорт түрлері енді. Жеңімпаздар жекелей де, командалық есепте де анықталды.
![]()
Жарыс қорытындысы бойынша командалық спорт түрлерінен келесі өңірлер жеңімпаз атанды:
Шығыс өңірі – баскетболдан;
Алматы өңірі – ерлер арасындағы волейболдан, киберспорттан және арқан тартудан;
Орталық өңір – әйелдер арасындағы волейболдан және футзалдан.
![]()
Сондай-ақ ондаған қызметкер жеке спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанып, өздерінің жас және спорттық санаттары бойынша алтын, күміс және қола медальдарды иеленді.
Жабылу салтанатының басты қызығы - келесі Спартакиада өтетін аймақты анықтау жеребесі болды. Оның қорытындысы бойынша 2027 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның ХІІ Спартакиадасын өткізу құқығына Солтүстік өңір ие болды.
Биылғы жарыстың жеңімпаздары 2026 жылғы 8-10 тамыз аралығында Астанада өтетін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының ХІ Спартакиадасында «Қазақтелеком» АҚ намысын қорғайды. Ауқымды корпоративтік спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі Қордың портфельдік компанияларының қызметкерлері қатысады.