Алматыда Республика күні Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биік тауда орналасқан «Медеу» мұз айдынына жиналған 1500-ге жуық адам Қазақстанның басты ұлттық мерекелерінің біріне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімнің куәсі болды.
Тау шыңдарының аясында тәуелсіздіктің, бірліктің және елге ортақ құндылықтардың символы саналатын алып көгілдір Ту желбіреді. Мемлекеттік туды көтеру рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының әскери үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен орындалуымен жалғасты.
Салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, танымал спортшылар, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Медеудегі Мемлекеттік Ту биіктігі 40 метрлік флагштокқа орнатылған. Тудың өлшемі — 7×14 метр. Тау бөктерінде асқақтаған ұлттық нышан мерекелік таңның басты көрінісіне айналып, рәсімге қатысушыларға мемлекеттіліктің маңызы мен ұрпақтар сабақтастығын тағы бір мәрте еске салды.
Алматыдағы мерекелік іс-шаралар жұма күні басталған болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қала әкімі Дархан Сатыбалды елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында кәсіби қызметі мен қоғамдық жұмысы арқылы қала мен мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген алматылықтар бар.
Сонымен қатар Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті.
Бүгін Медеуде өткен салтанатты рәсім қала тұрғындарын ортақ мереке аясында біріктіріп, тәуелсіздіктің, ұлттық құндылықтардың және ел болашағы алдындағы жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте айшықтады.