Алматыда Құрамыс және Шұғыла шағынаудандарында емханалар, сондай-ақ Ақжар шағынауданында отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасуда. Бұл туралы Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері хабарлады.
Құрамыс шағынауданында бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана бой көтеріп жатыр. Қазір құрылыс алаңында бетон құю, электр-монтаж жұмыстары, қабырға қалау, металл құрылымдарын орнату және сантехникалық жүйелерді монтаждау жұмыстары қолға алынған. Нысанды 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған.
Бір ауысымда 500 адам қабылдайтын тағы бір емхана Шұғыла шағынауданында салынып жатыр. Қазіргі таңда мұнда монолитті жұмыстар, қабырға қалау, сыртқы инженерлік желілерді тарту және шатырды жабдықтау жұмыстары атқарылуда. Құрылысты биыл күзде аяқтау жоспарланып отыр. Ақжар шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Қазір нысан аумағында шұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде.
![]()
Сонымен қатар, №7 қалалық клиникалық аурухананы қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылдың көктемінде аяқтау жоспарланған.
Бұған қоса, Тастыбұлақ шағынауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның және №1 қалалық клиникалық аурухананы жаңғырту жобалары әзірлеу кезеңінде тұр.