Іс-шара барысында заманауи әдістер мен тиімді тәсілдер кеңінен қолданылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 10 қыркүйекте Алматы қаласының Алатау ауданындағы №177 бөбекжай-балабақшасында жас басшыларға арналған зияткерлік викторинаға негізделген қалалық семинар өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы басқару және менеджмент мәселелері.
Семинар жұмысына Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Жанар Туралина, Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы Карлығаш Акмурзаева, Алатау ауданының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Шолпан Бубекбаева, сондай-ақ мегаполистегі мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары қатысты.

Семинардың басты мақсаты – жас басшылардың мектепке дейінгі ұйымды тиімді басқару саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыру. Іс-шара барысында көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, стратегиялық ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге айрықша мән берілді. Қатысушылар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың заманауи тәсілдеріне сәйкес тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауды үйренді.
Сонымен қатар семинар кәсіби білімді жетілдіруге, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға, тәжірибе алмасу арқылы практикалық құзыреттерді дамытуға және алған білімдерін нақты кәсіби жағдайларда қолдануға мүмкіндік беруге бағытталды.
Жобаны жүзеге асыруға балабақша басшыларымен қатар ата-аналар мен балалар да белсенді атсалысты.

Семинардың басты ерекшелігі – оның интерактивті әрі практикалық бағытта ұйымдастырылуында. Қатысушылар теориялық білім алумен ғана шектелмей, практикалық тапсырмалар орындап, топтық жұмыстарға, пікірталастарға, кейс-тапсырмалар мен зияткерлік ойындарға қатысты.
Іс-шара барысында заманауи әдістер мен тиімді тәсілдер кеңінен қолданылды. Қатысушылардың белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін арттыруға, өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісуіне жағдай жасалды. Нақты кәсіби жағдаяттарды талдау арқылы шешім қабылдау дағдылары дамытылды. Сонымен қатар командалық жұмыс пен көшбасшылық қабілеттерді жетілдіруге басымдық берілді.
Қатысушылардың білімін тексеру Kahoot сияқты цифрлық платформаларды пайдалану арқылы интерактивті форматта жүргізілді. Семинар соңында рефлексия ұйымдастырылып, қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелерін саралап, іс-шараның нәтижесін қорытындылады.
Іс-шараның негізгі ерекшелігі – әр қатысушының белсенді араласуына, практикалық білім мен тәжірибе жинақтауына және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға басымдық берілуі.