1 қазанға дейін жылжымайтын мүлік иесі жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеуі қажет. Бұл салықты кімдер төлейді, оның мөлшері қалай есептеледі, заңда қандай жеңілдік қарастырылған және биылдан бастап қандай өзгеріс күшіне енгені туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының жеке тұлғаларды әкімшілендіру мен жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Әсет Есенжігітов айтып берді.
Спикердің айтуынша, мүлік салығын пәтердің, тұрғын үйдің, саяжайдың, гараждың, автотұрақтың, қойма мен басқа да жылжымайтын мүлік нысанының меншік иесі төлейді. Салық меншік иесінің тұрғылықты жеріне қарамастан, жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша есептеледі.
Салық мөлшері жылжымайтын мүлік түріне емес, оның бағалау құнына байланысты белгіленеді. Бағалау құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайды. Есептеу барысында нысанның ауданы, бір шаршы метрдің базалық құны, физикалық және функционалдық тозу коэффициенттері, аймақтық коэффициент, айлық есептік көрсеткіштің өзгеруі мен басқа да көрсеткіші ескеріледі.
«Биылдан бастап салықты есептеу кезінде жаңа көрсеткіш – сән-салтанат коэффициенті енгізілді. Әдепкіде ол бірге тең, алайда кей жағдайда 50 пайыздан аспайтын мөлшерде ұлғайтылуы мүмкін. Сонымен қатар құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысанына салық есептеу тәртібі өзгертілді», – деді Әсет Есенжігітов.
Спикер салықты есептеу үшін қолданылатын жылжымайтын мүліктің бағалау құны нарықтық бағадан едәуір төмен екенін атап өтті. Мысалы, Самал шағын ауданындағы ауданы 150 шаршы метр болатын пәтердің бағалау құны шамамен 17 миллион теңгені құрайды, ал есептелген салық мөлшері шамамен 34 мың теңге. Ақсай шағынауданындағы ауданы 76 шаршы метр болатын пәтердің бағалау құны шамамен 5,8 миллион теңге болса, салық мөлшері 4,5 мың теңге шамасында.
Мүлік салығын 2026 жылғы 1 қазанға дейін төлеу қажет. Есептелген салық сомасы екінші деңгейдегі банктің мобильді қосымшасында көрсетіледі, коммуналдық қызметтің төлем түбіртегіне енгізіледі. Оны аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан не 1414 нөмірі арқылы нақтылауға болады.
Әсет Есенжігітов мүлік салығына қатысты жеңілдік туралы да еске салды. Олар азаматтардың жекелеген санаттарына, атап айтқанда ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың біріне, көпбалалы аналардың жекелеген санаты мен салық кодексінде көзделген басқа да тұлғаларға беріледі. Алайда бұл жеңілдік салықтан толық босатпайды. Олар заңда белгіленген мүлік құнының шегінде ғана қолданылады. Егер нысанның бағалау құны осы шектен асып кетсе, салық артық сомаға есептеледі.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Алматыда жеке тұлғалардың меншігіндегі 772 372 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Олардың жиынтық бағалау құны 3,7 триллион теңгеден асады. Ал 2025 жылға есептелген мүлік салығының жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгені құрады.
Өткен жылмен салыстырғанда жылжымайтын мүлік нысандарының саны шамамен 46 мыңға немесе 6 пайызға артқан. Олардың жиынтық бағалау құны 156 миллиард теңгеге, ал есептелген мүлік салығының жалпы сомасы 160 миллион теңгеге ұлғайған.