Алматылық хирургтар екі кезеңнен тұратын күрделі ота жасап, үлкен псевдокистаны алып тастады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Науқас бұған дейін ұйқы безінің күрделі қабынуымен ауырып, салдарынан ағзасы зақымданған және кеуде қуысында сұйықтық жиналып, бүйрек қызметі бұзылған. Ең қиыны – ұйқы безінің пішіні мен функциясы қатты өзгеріске ұшыраған. Сонымен қатар, қосымша дерттер пациенттің жағдайының нашарлауына түрткі болды, деп хабарлайды №7 Қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, дәрігерлер науқас әйелген екі кезеңнен тұратын күрделі ота жасады. Біріншісінде үдемелі түрде ауырсынуды басу, дәрі-дәрмекпен емдеу, сондай-ақ экстракорпоральды детоксикация сынды консервативті ем түрлері қолданылды. Ем-дом науқастың жағдайын тұрақтандырып, ағзаның улану деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Ауруханының №1 Хирургия бөлімшесі меңгерушісі Талғат Байтұрғановтың айтуынша, бұл күрделі панкреатитпен ауырған пациенттерде кездесетін жағдай. Көп жағдайда бірнеше айдан кейін мұндай науқастардан іші сұйықтыққа толы псевдокиста табылып жатады. Салдарынан асқазан астындағы без тіндері қабынады және ұйқы безінен бөлінетін сөл дұрыс жүрмей қалады.
Ауруханадан шыққаннан кейін де науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. Бақылау барысында ұйқы безі төңірегінде үлкен киста пайда болғаны анықталды.
«Операция жасау үшін кистаның толық қалыптасып, қабырғаларының қатайып, хирургиялық отаға жарамды болуы қажет еді. Сол үшін біраз күттік, осы 4 ай ішінде киста біршама үлкейіп, көршілес органдарды қыса бастады», - дейді Талғат Байтұрғанов.
Ота жасамас бұрын ауруханада Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы панкреатиттен болған асқынуларды емдеу хаттамасын дайындаушы мамандардың бірі, 7-аурухана директоры Манас Рамазановтың қатысуымен консилиум жасалды.
Операцияға дайындық барысында науқасқа күрделі реконструктивтік панкреатоцистоеюноанастомоз (Roux-en-Y) отасы жасалды. Хирургтар псевдокиста мен аш ішек арасын жалғап, өскін ішіндегі сұйықтықтың ас қорыту жолдарына қарай ағуын қамтамасыз етті. Бұл күн санап өскен кистаны кішірейтіп, көршілес ағзаларға қысымды азайтуға және ауру салдарынан болатын асқынулардың алдын алуға көмектесті.
Алматыдағы ірі клиника дәрігерлерінің біліктілікпен бірлесіп жасаған отасы сәтті өтті. Қазіргі таңда пациент жалпы жағдайы жақсарып, денсаулығы қалыпқа келе бастағаннан кейін ауруханадан шықты.
Бір айта кетерлігі, күрделі ота МӘМС қаражаты есебінен жасалды.