Алматыдағы техникалық реттеу департаментінің жұмыс қорытындысы

Алматыдағы техникалық реттеу департаментінің жұмыс қорытындысы Cурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің 2025 жылғы жұмысы қорытындыланды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.

Департамент басшысы Дәурен Сәрсенбаев техникалық реттеу, бағалы металдар айналымы мен метрология саласындағы мемлекеттік бақылаудың нәтижесі туралы баяндап, бұл жұмыстың тұтынушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қалай әсер ететіні жөнінде баяндап берді.
 
Жыл бойы департамент техникалық регламенттер талаптарының сақталуына қатысты әртүрлі салада мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізді. Тексеру жұмысы құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды, өнеркәсіптік өнімдерді, автокөлік құралдарын, мұнай өнімдерін, мотор майлары мен мобильді құрылғыларды ғана емес, басқа да көптеген бағытты қамтыды. Департаменттің жауапкершілік аймағына теміржол саласы, автомобиль жолдары, төмен кернеулі электротехникалық жабдықтар, пиротехникалық бұйымдар, ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар, аттракциондар, балалар ойын алаңдары, лифтілер, машиналар мен жабдықтар, жарылыс қауіпті ортада қолданылатын жабдықтар, әртүрлі жанармай түрлері, арнаулы сұйықтықтар мен майлар кіреді. 

Тексеру барысында өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау құжаттары – сертификаттар мен декларациялардың болуына назар аударады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар» техникалық регламентіне сәйкес тауар таңбалауы мен пайдалану құжаттамасының дұрыстығы да тексеріледі. Таңбалауда өндіруші туралы мәліметтер, шыққан елі, қызмет ету немесе жарамдылық мерзімі көрсетіліп, ол мемлекеттік және орыс тілінде жазылуы тиіс. 

«Біздің міндетіміз – құжаттарды жай тексере салмай, нарықта сатылып жатқан өнімнің адамдар үшін шынымен қауіпсіз екеніне көз жеткізу. Сатып алушы тауарды кім өндіргенін, қайдан келгенін, қауіпсіз бе, жоқ па, соны білуі тиіс. Бұл әр тұтынушының құқығы», – деп атап өтті Дәурен Сәрсенбаев. 

Департамент жұмысының жеке бір бағыты бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың айналымын бақылауға арналған. 2025 жылы мұндай бұйымдарды сатушыларға қатысты нысандарға бармай-ақ профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізіліп, соның нәтижесінде кәсіпкерлерге анықталған заң бұзушылықты жою жөнінде ұсыным-хабарламалар берілді. Сонымен қатар департамент басшысы түсіндіргендей, егер тұтынушы сынама таңбасы жоқ алтын бұйым сатып алып, шағым түсірсе, департамент жоспардан тыс тексеру бастайды. Сынама таңбасы жоқ бұйымды сатқаны расталған жағдайда, құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылады.

«Сынама таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сату – ауыр құқық бұзушылық. Тексергенде бизнес санатына байланысты 50-ден 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сатушы заңсыздықты жойып, бұйымға сараптама жүргізуге міндетті», – деп түсіндірді Дәурен Сәрсенбаев.

Сараптама жүргізілгеннен кейін бұйым ресми түрде сынаманы растайтын барыс басы бейнесіндегі сынама таңбасын алуы тиіс, содан кейін ғана қайтадан сатылымға жіберіледі. Сұрақтың көбі бөлігі метрология мен өлшеу дәлдігін бақылауға байланысты болды. Департаментте барлық өлшеу құралдары, соның ішінде электр энергиясы, су және газ есептегіштері айналымға шығар кезде, қолданар алдында Өлшеу құралдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілуі тиіс екені еске салынды.

Бұл тізілімді «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК жүргізеді. Тексеру мерзімділігі құралдың түріне байланысты. Суық және ыстық су есептегішін соңғы тексерген күннен бастап 5 жылды бір тексереді. Электр энергиясын есепке алатын барлық құралдардікі - 8 жыл. Тұрмыстық газ есептегішінің де тексеруаралық интервалы 5 жыл болып белгіленген. 

«Есептегіштердің дәлдігі төлем түбіртектеріндегі сомаларға тікелей әсер етеді. Егер есепке алу құралы уақытында тексеруден өтпесе, тұтынушы өзі байқамай артық төлеуі мүмкін. Сондықтан біз тексеру мерзімін қадағалап, осы талаптың сақталуын талап етеміз», – деп атап өтті департамент басшысы. 

Журналистердің қызығушылығын тудырған тағы бір тақырып – сауда орталықтары мен базарларда қолданылатын таразыларды тексеру мәселесі болды. Департамент өкілдері мұндай таразылар Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесіне енгізіліп, міндетті түрде тексеруден өтуі тиіс екенін айтты. Саудада қолданатын таразының қолданыстағы тексеру таңбасы мен тексеру сертификаты болуы қажет. Бұл сатып алушының төлеген мөлшердегі тауарды алуына кепілдік береді. 

Қорытындылай келе, департамент өкілдері техникалық реттеу мен метрология саласындағы мемлекеттік бақылау азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Тауарлардың қауіпсіздігі, өлшеулердің дәлдігі мен белгіленген талаптардың сақталуы адамдардың денсаулығына, шығындарына және нарыққа деген сеніміне тікелей әсер етеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:20

15:10

14:55

14:43

14:31

14:27

14:17

12:47

12:34

12:18

11:55

11:25

11:10

11:01

10:50

10:40

10:22

10:15

09:52

09:35

09:17

09:04

08:55

23:55

23:38