Алматының Түрксіб ауданында тұрғындарға арналған тағы бір жайлы демалыс орны пайда болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Аймауытов көшесінің Л. Толстой көшесінен Ғанибет көшесіне дейінгі аралығы көркейтіліп, заманауи серуендеу аймағына айналды.
Жоба тұрғындардың ауданын көркейтуге қатысты ұсынысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асырылды.
Көркейту барысында жүргіншілерге арналған серуендеу жолдары салынып, 2 099 шаршы метр асфальтбетон жабыны және 2 051 шаршы метр брусчатка төселді. Сондай-ақ 1 676,6 шаршы метр аумаққа көгал егілді.
Тұрғындардың жайлылығы үшін аумаққа 40 жарық шамы, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен гүл құмыралары орнатылды. Бұдан бөлек, сәндік тас төсемдері жасалып, автоматты суару жүйесі іске қосылды.
Көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Жаңартылған аумаққа 2 200 бұта егіліп, қоршаулар мен өзге де көркейту элементтері орнатылды.
Сонымен қатар Аймауытов көшесінің Л. Толстой көшесінен Станкевич көшесіне дейінгі 470 метрлік бөлігінде асфальт жабыны жаңартылды.
Айта кетейік, 2026 жылы Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 24 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 11 саябақша мен жүргіншілер аймағын көркейту, 8 балалар және спорт алаңын салу, 4 автоматты суару жүйесін орнату және 1 автотұрақ ұйымдастыру қарастырылған.
Тұрғындардың бастамаларының арқасында ауданда серуендеуге, тынығуға және бос уақытты тиімді өткізуге арналған жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптасып, қалалық ортаның қолайлылығы артып келеді.