Алматыда «Жастар қатысатын бюджет – 2026» жобасы аясындағы онлайн дауыс беру аяқталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
10 мыңға жуық дауыс жастардың білім беру, экология, технология, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және қалалық орта бағыттарындағы үздік жобаларын анықтауға мүмкіндік берді.
Жобаның басты мақсаты – жастарды Алматының дамуына қатысты шешім қабылдау үдерісіне белсенді тарту. Жобаға өтінім қабылдау 6 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті. Осы кезеңде jasalmaty.kz порталы арқылы алматылық жастардан 203 жоба келіп түсті. Тексеру мен сараптамалық бағалаудан кейін оның 122-сі, яғни жалпы бастамалардың 60,1%-ы онлайн дауыс беруге жіберілді. Онлайн дауыс беру 11-18 тамыз аралығында өтті. Сегіз күн ішінде қала тұрғындары ұсынылған жобалармен танысып, өздері үшін маңызды әрі қажетті бастамаларға қолдау білдіре алды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша бірінші орынды Бақытжамал Шадиеваның INCLUSION LAB – инклюзивті білім беру тәжірибелері орталығы жобасы иеленді. Екінші орынға Әсет Мадиярдың «Ана академиясы» жобасы жайғасты. Үшінші орын Мереке Іңірбаевтың Jasyl Qala – алғашқы білім беру сити-фермасы және дұрыс тамақтану зертханасы жобасына берілді.
Үздік жобалардың қатарында цифрлық технология мен жасанды интеллект арқылы оқу мәдениетін дамытуға бағытталған KITAP HUB AI, балаларды дамыту және оңалту орталығы BabyCare, «Идея» жобасы, инженерлік-дамытушы QUM TRACK хабы, SÄT APP мобильді қосымшасы, сондай-ақ «Кәсіпкер» және «Сенім» медиа-жобалары бар.
Осылайша, тұрғындардан ең көп қолдау алған бастамалар арасында инклюзивті білім беру мен отбасыларды қолдаудан бастап, ғылым, қаржылық сауаттылық, құқықтық мәдениет және жастар кәсіпкерлігін дамытуға дейінгі әртүрлі бағыттағы жобалар қамтылды.
«Бұл жобаның басты ерекшелігі, жастар қалалық бағдарламалардың жай ғана алушысы емес, Алматы үшін нақты шешімдердің авторы ретінде танылады. Олар мәселені өздері анықтап, оны шешудің жолын ұсынады, жобасын әзірлейді және қала қолдауымен оны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады», – деді жоба жетекшісі Самархан Әбдуғалиев.
Бір жобаны жүзеге асыруға 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қаржы бағытталуы мүмкін. Биыл 18-20 жастар жобасын іске асыру жоспарланған. Ал алдағы уақытта қолдау көрсетілетін бастамалар санын жыл сайын 50 жобаға дейін арттыру көзделіп отыр.
«Жастар қатысатын бюджет» жастарға идеясын нақты жобаға айналдырып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және Алматының дамуына тікелей үлес қосуға жол ашатын тиімді тетікке айналып келеді.