2026 жылғы 4 маусымда Shabyt балаларды дамыту орталығында «Конституциялық реформа – мемлекетті жаңғыртудың негізі» тақырыбында Алматы қаласы Жас сайлаушылар клубының төртінші отырысы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараны Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Отырысқа Жас сайлаушылар клубының мүшелері, аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысты. Ал қатысушылардың жалпы саны 40-тан асты.
Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова жастардың құқықтық және электоралдық мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңыздылығын, сондай-ақ жастардың ашық диалогы мен азаматтық қатысуы үшін тиімді алаңдар құру қажеттігін атап өтті.
«Бүгінде жастармен ашық диалог жүргізуге жағдай жасау, құқықтық және электоралдық мәдениет деңгейін арттыру, сондай-ақ жас азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру аса маңызды. Еліміздің болашағы мен демократиялық институттардың дамуын дәл жастар айқындайды», – деп атап өтті Айгүл Қалықова.
Отырыс аясында мегаполистің Жас сайлаушылар клубының жаңа төрағасы сайланды. Бұл қызметке Әуезов ауданы Комьюнити-орталығының директоры Бауыржан Маханбет тағайындалды.
Отырыс қатысушылары алдында сөз сөйлеген клубтың жаңа төрағасы ұйымның алдағы қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, жастардың саяси және құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілікті дамытуға, электоралдық мәдениетті қалыптастыруға және жастарды қоғамдық-саяси үдерістерге тартуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Бүгінде жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Жас сайлаушылар клубы құқықтық ағартудың, ашық диалогтың және жас азаматтардың көшбасшылық әлеуетін дамытудың тиімді алаңына айналуы тиіс. Жақын уақытта біз электоралдық мәдениетті арттыруға бағытталған жобаларды кеңейтуді, дебаттар, сарапшылармен кездесулер, сайлау үдерісіне арналған интерактивті ойындар өткізуді және құқықтық ағартудың цифрлық форматтарын дамытуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Бауыржан Маханбет.
Клубтың жаңа төрағасы атап өткендей, негізгі бастамалардың қатарында қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде «Жас сайлаушы мектебі» жобасын іске асыру, «Менің таңдауым – менің болашағым» ақпараттық акциясын өткізу, студенттік дебат турнирлерін, жас көшбасшылар форумдарын, жастар саясаты мен азаматтық белсенділік мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік желілерде арнайы құқықтық контент әзірлеу бар.
Бағдарламаның негізгі бөлімі Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сергей Гончаровтың «Конституциялық жаңашылдықтар: салыстырмалы-құқықтық талдау және негізгі бағдарлар» атты баяндамасымен ашылды. Ол конституциялық реформаның алғышарттарына, республикалық референдум қорытындыларына және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталды.
Спикер реформаның бастауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамасы негіз болғанын еске салды. Реформаны дайындау барысында кең ауқымды қоғамдық талқылаулар өткізілді, ал ауқымды жұмыстың нәтижесінде 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданды.
Баяндамада Ата заңда бекітілген жаңа конституциялық құндылықтар мен қағидаттарға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, әділеттілік, заңдылық және қоғамдық келісім қағидаттарын нығайту, білім беру, ғылым мен инновацияларды дамыту, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау бар.
«Жаңа Конституция қоғамның заманауи сын-қатерлері мен сұраныстарын көрсетеді. Оның негізінде халық егемендігі, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және мемлекеттілікті нығайту қағидаттары жатыр», – деп атап өтті Сергей Гончаров.
Сондай-ақ қатысушыларға мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі өзгерістер, оның ішінде елдегі демократиялық үдерістерді одан әрі дамытуға бағытталған жаңа институттар мен халықтық өкілдік тетіктері таныстырылды.
Бағдарламаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің 1-курс студенті және Жас сайлаушылар клубының мүшесі Амаль Дулатбаев «Мүмкіндіктер Конституциясы: құқықтық реформаның оң аспектілеріне жастар көзқарасы» атты баяндамасымен жалғастырды.
Ол конституциялық өзгерістерге жастар көзқарасын ұсынып, жаңа Конституция білім беру, ғылым, инновациялар және цифрлық технологияларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Жастар бастамаларын қолдау, стартаптарды дамыту, жастардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Үлгі кейс ретінде жас қазақстандықтар жүзеге асырып жатқан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы табысты отандық жобалар мысалға келтірілді. Спикердің пікірінше, адами капитал мен инновацияларға салынатын инвестициялар елдің болашақ дамуының маңызды негізі.
«Конституциялық реформа жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде білім беру, ғылым, инновациялар мен цифрлық технологиялар мемлекетті дамытудың маңызды факторларына айналып отыр, ал жас ұрпақ өзін-өзі жүзеге асыру және елдің қоғамдық өміріне қатысу үшін көбірек құралдарға ие болуда», – деп атап өтті Амаль Дулатбаев.
Талқылау барысында қатысушылар конституциялық реформаның Қазақстан болашағы үшін маңызы, жастардың демократиялық институттарды нығайтудағы рөлі және азаматтық қоғамды одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, электоралды мәдениетті дамыту және мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Жас сайлаушылар клубы өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және жастар бастамаларын іске асыру үшін тиімді алаң болып қала беретінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубы 2025 жылы құрылған. Бүгінде клуб 339 қатысушыны біріктіріп, белсенді, жауапты және саяси сауатты жас азаматтар буынын қалыптастыруға ықпал етіп келеді.