2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда скринингтік тексерулер нәтижесінде сүт безі обырының 200-ден астам, ал тоқ ішек пен тік ішек обырының 58 жағдайы анықталды. Барлық науқас диспансерлік бақылауға алынды.
Бұл мәліметтер Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде айтылды. Жиынға қаланың медициналық ұйымдарының басшылары қатысты.
Кеңес барысында негізгі тиімділік көрсеткіштерінің орындалуы, иммундық профилактика жұмыстарының барысы, скринингтік бағдарламалардың нәтижелері, сондай-ақ медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарындағы инфекциялық аурулар кабинеттері мен Балалар үйінің қызметі талқыланды.
Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша халықты скринингтік тексерумен қамтуға қатысты жоспарлы көрсеткіштердің басым бөлігі толық орындалған немесе асыра орындалған.
375 мыңнан астам бала профилактикалық тексеруден өтті. Қант диабетіне арналған скринингпен 131 мыңнан астам адам, қан айналымы жүйесі ауруларына – 110 мыңнан астам адам, глаукомаға – 145 мыңнан астам адам, вирустық гепатитке – 34 мыңнан астам адам, цереброваскулярлық ауруларға – 24 мыңнан астам адам қамтылды.
Тоқ және тік ішек обырын ерте анықтауға арналған скринингтен 108 мыңнан астам тұрғын өтті. Соның нәтижесінде 803 түрлі патология анықталып, оның 745-і қатерсіз ісіктер болса, 58-і тоқ және тік ішектің қатерлі ісігі екені белгілі болды.
Кеңес қорытындысында Марат Пашимов тұрғындарды профилактикалық тексерулер мен скринингтік бағдарламаларға кеңінен тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Өйткені ауруды ерте кезеңде анықтау емді дер кезінде бастап, оның тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарға скрининг қорытындысы оң шыққан азаматтардың қосымша тексерудің екінші кезеңінен «жасыл дәліз» қағидаты бойынша 3-5 жұмыс күні ішінде өтуін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Бұған қоса, ауру анықталмаған медициналық ұйымдардың жұмысына апта сайын мониторинг жүргізіліп, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйымдардың қызметі ай сайын сараланып отырады.
Сондай-ақ, скринингтік зерттеулердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта жекеменшік медициналық ұйымдарда сыртқы аудит жүргізіліп, еңбекпен қамтылған тұрғындардың скринингтен қолайлы уақытта өтуі үшін кешкі мезгілде және сенбі күндері арнайы қабылдау сағаттарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.