Алматыда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуал, емдеу нәтижелері мен алдын алу жағы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қалалық Фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева мәлімдеді. Оның айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты әрі оң динамика көрсетіп отыр.
Соңғы он жылда Алматыда туберкулезбен сырқаттану 60%-ға, өлім-жітім 82%-ға төмендеген. Былтыр аурушаңдық көрсеткіші 15,9%-ға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 18 жағдайды құрады (былтыр - 21,5). 17 жасқа дейінгі балалар арасында бұл көрсеткіш 100 мың балаға шаққанда 4,4-ке дейін азайған.
«Біз негізгі көрсеткіштің барлығы бойынша тұрақты оң өзгерісті көріп отырмыз. Соңғы жылдары Алматыда туберкулез елейтіндей мәселе болудан қалды, дегенмен әлеуметтік маңызы бар ауру ретінде әлі де өзектілігін сақтап отыр. Туберкулездің тұқым қуаламайтынын және ерте анықталған жағдайда толық емделетінін халық түсінуі керек», — дейді Жанар Сәпиева.
Спикердің айтуынша, ауруға көбіне әлеуметтік осал топтар бейімдеу болып шыққан. Былтырғы есепте науқастардың 65%-ы жұмыссыздар болса, 31%-ы қант диабеті, АИТВ-инфекциясы, алкоголь мен есірткіге тәуелділік сияқты қатар жүретін ауруы барлар, 4,8%-ы тұрақты мекенжайы жоқтар болыпты.
Алматыда заманадық диагностика әдістері енгізіліп жатыр. Қаланың екі емханасында туберкулез бен дәріге төзімділікті жедел анықтауға мүмкіндік беретін ПТР негізіндегі GeneXpert экспресс-әдісі қолданылады. 2025 жылы алты мыңнан астам молекулалық-генетикалық зерттеу жүргізілді.
«Қалада қазір барлық осы заманғы диагностика әдістері, соның ішінде экспресс-тесттер бар. Бұл ауруды ерте анықтап, уақтылы емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Әсіресе балалар мен ересектер арасындағы профилактикалық жұмысқа көп көңіл бөлеміз», — деді орталық директоры.
Аурушаңдықтың төмендеуіне қарамастан, латентті туберкулез инфекциясын анықтау мен алдын алуға ерекше көңіл бөліне бастады. Флюорографиялық скринингтер, туберкулиндік диагностика, балаларға арналған АТР-тесттер және квантиферон сынамасы жүргізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша балалар арасында латентті инфекцияның 489 жағдайы анықталып, олардың 91%-ы профилактикалық ем алды. Жоғары қауіп тобындағы ересектерді тексеру қамтылуы 99%-дан асты.
Замандық емдеу тәсілдері терапия мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді, соның ішінде дәріге төзімді туберкулез кезінде 6–9 айға дейін. 2024 жылдан бастап Алматыда Ғаламдық қор жобасы аясында қысқа мерзімді емдеу сызбалары енгізілді, олардың тиімділігі 90%-дан асады. Бактерия бөлмейтін науқастардың 75%-дан астамы амбулаториялық жағдайда ем қабылдайды.
«Біз дәріге сезімтал және дәріге төзімді туберкулезді емдеуде жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Бұл жаңа терапиялық сызбалардың, халықаралық қолдау мен мамандардың үйлесімді жұмыс істегенініңарқасында мүмкін болды. Сонымен қатар науқастардың көпшілігі әлеуметтік өмірден қол үзбей, амбулаториялық емді де қатар ала алады», — деп атап өтті Жанар Сәпиева.
Туберкулезбен күресте үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. 2023 жылдан бері қала әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөліп келеді. 2025 жылы оның көлемі 39,6 млн теңгені құрады. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Былтыр 770 адам осындай көмек алды.
«Біз туберкулезді жеңе аламыз! Инновациялар мен адамдардың ерік-жігері» ұранымен өтіп жатқан айлықтың негізгі мақсаты — халықты ақпараттандыру, ауруды ерте анықтау, стигманы азайту және туберкулезге шалдыққан адамдарды қолдау. Ай бойы Алматыда емханаларда ашық есік күндері өтіп, мамандар кеңес беріп, тексеріп, сондай-ақ тұрғындардың алдын алу мен ерте диагностика туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, байқаулар мен флешмобтар өтеді.