Алматыда өрт қаупі жоғары кезеңге байланысты табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Қала аумағында Төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғау органдары, орман шаруашылығы қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен профилактикалық рейдтер тұрақты жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
26 наурыздан бері қалада 80-ге жуық рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Алматыда құрғақ шөптің жануына қатысты 103 оқиға тіркеліп, жалпы 4 гектар аумақты өрт шарпыған. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың негізгі себебі – адамдардың салғырттығы. Әсіресе, жол жиегіне тасталған темекі тұқылы мен шыны бөтелкелер өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
«Алматы қаласы бойынша құрғақ шөптің жануы ең көп тіркелетін аумақ – Алатау ауданы. Біз аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біздің және аудан әкімдігінің тарапынан көптеген техника жұмылдырылған. Жүргізушілер жол жиегіне темекі тұқылын тастап кетеді. Сол кезде құрғақ шөп жанып, өрт үлкен алқапқа таралмауы үшін минералдық жолақтар жүргізіледі», – деді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Еркебұлан Төлеу.
Өрттің алдын алу мақсатында қалада қаупі жоғары 38 аумақ анықталды. Бүгінге дейін 215 гектарға жуық жерде құрғақ шөп шабылып, 118 шақырым минералдық жолақ жүргізілді. Оның ішінде Алатау ауданында 80 гектардан астам аумақтың шөбі шабылып, 61 шақырым минералдық жолақ салынды.
«Мердігер мекемелер күн сайын қураған шөпті шабу, тазалау және сыртқа шығару жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, Алатау ауданының Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, минералдық жолақтар жасау, яғни қураған шөп пен жасыл желектің арасын тазалау және жер жырту жұмыстарын атқарып жатырмыз», – деді Алатау ауданы Көріктендіру бөлімінің бас маманы Мәдияр Абуев.
Сонымен қатар, қалада табиғи өртті ерте анықтау үшін цифрлық бақылау жүйелері жұмыс істейді. «Медеу» табиғи паркінде орталықтандырылған бейнебақылау және оптикалық-сенсорлық кешендер орнатылған. Бұдан бөлек, «Көктөбе» телемұнарасы мен Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтағы бейнекамералар тәулік бойы мониторинг жүргізіп, өрт белгілері анықталған жағдайда жедел қызметтерге автоматты түрде хабарлама жібереді.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, темекі тұқылын және шыны қалдықтарын бейберекет тастамауға шақырады. Бұл талаптарды сақтау табиғи өрттердің алдын алып, қала экожүйесін сақтауға мүмкіндік береді.