Жаңа келісімшарттар мен мәмілелердің жалпы көлемі 15 млн доллардан асып, алдын ала сатылым көлемі 30 млн долларға жетті, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламасы – Алматы әкімдігінің қолдауымен және Google for Startups-пен бірлесіп жүзеге асырылған Silkway Accelerator жетінші легінің қорытынды Demo Day іс-шарасы өтті.
2026 жылы бағдарлама алғаш рет Алматыдағы Almaty Hub базасында ұйымдастырылды. 12 апта бойы қатысушылар өнімін жетілдіріп, бизнес модельді дамытып, сатылымдарын арттыру және халықаралық нарыққа шығу бағытында жұмыс істеді.
Қорытынды Demo Day барысында 10 команда жобасын инвесторларға, венчурлік қорлар мен жеке инвесторлар мен корпоративтік серіктестерге таныстырды.

Акселерация барысында қатысушылар Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Армения, Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия және АҚШ нарықтарына шықты. Жаңа келісімшарттар мен мәмілелердің жалпы көлемі 15 млн доллардан асып, алдын ала сатылым көлемі 30 млн долларға жетті.
Demo Day қорытындысы бойынша Astana Hub Ventures қоры AMAN жобасына 200 мың доллар, ал AURA OS жобасына 100 мың доллар инвестиция салуға алдын ала дайын екенін білдірді.
AMAN түрлі оқиғалар мен қауіп-қатерлерді жасанды интеллект арқылы анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін қауіпсіздік жүйесін әзірлейді. Ал AURA OS – компаниялардың операциялық деректерін талдап, шығындар мен тәуекелдерді анықтауға көмектесетін AI-платформа.

«Алматыда технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және инновациялық компаниялардың өсуіне үлкен мүмкіндік бар. Silkway Accelerator бағдарламасының қалада алғаш рет өткізілуі Алматының технологиялық компаниялар, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар үшін маңызды орталыққа айнала алатынын көрсетті. Мұндай бағдарламалар кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына жол ашып қана қоймай, Алматының өңірдегі технологиялық орталықтардың бірі ретіндегі орнын нығайта түседі», – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сәбитұлы.
Жетінші легтің нәтижелері арасында TIRGO жобасының көрсеткішін 35 мың доллардан 70 мың долларға дейін арттыруы, WelcomeVideo-ның 100 мың долларлық келісімге қол жеткізуі және QazTracker жобасының жануарлардың денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған AgriTech шешім ретінде дамуы бар. Қазір QazTracker командасы Аустралия мен АҚШ-та пилоттық жобаларды іске қосу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Silkway Accelerator бағдарламасы іске қосылғаннан бері оның түлектері 48 млн доллардан астам инвестиция тартқан. Ал бағдарламадан өткен компаниялардың жиынтық бағасы 500 млн доллардан асты.