Алматыда ғылым және білім қызметкерлері арасында Senat open республикалық шахмат турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Аталмыш сайысты Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Парламенті Сенатымен бірлесіп және Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің тікелей қолдауымен осымен үшінші жыл ұйымдастырып отыр.
Бұл жоба шахматты түрлі кәсіби сала мамандарының арасында насихаттауға және елімізде зияткерлік спортты дамытуға бағытталған.
Биылғы іріктеу кезеңдері мәдениет және өнер; денсаулық; БАҚ өкілдері; білім және ғылым қызметкерлері; ардагерлер және мемлекеттік қызметшілер сынды алты санат бойынша өтеді.

Әр іріктеу турнирінің қорытындысында үздік деп танылған 20 қатысушы 26 сәуірде ұйымдастырылатын екінші іріктеу кезеңіне, яғни ширек финалға жолдама алады. Бұдан әрі мықты шахматшылар Өскеменде өтетін жарылай финалға шығады. Ал турнирдің финалы жазда елордамыз Астанада өтпек.
Қазақстан шахмат федерациясының Алматы қалалық филиалы өткізген білім және ғылым саласының мамандары арасындағы турнирде 73 қатысушы бақ сынады. Олардың қатарында ЖОО және колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері бар.
”Шахмат – баршаға қолжетімді ойын. Мұндай турнирлер бос уақытты тиімді өткізуге көмектеседі. Спорттық көңіл-күйді қалыптастырады, әлеуметтік өзара байланысты күшейтеді, бұқаралық, интеллектуалды спортты насихаттайды, қоғам мүшелерінің ортақ қызығушылығын арттырады, адамдарды бір-біріне жақындастырады. Иә, осындай мақсатты көздейтін Senat open турнирі шахматтың елдің кәсіби қоғамдастығын біріктіретін зияткерлік платформа ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Сонымен қатар елімізде жаппай зияткерлік жарыстар дәстүрін қалыптастыруға ықпал етуде", – деді турнирдің бас төрешісі, “Дебют” шахмат клубының директоры Асылхан Қараев.
Әр ойыншыға он минуттан уақыт белгіленген болатын. Қарсыласын бес минут өтер-өтпестен жеңіп кеткен, турнирден ең бірінші болып шығып келе жатқан ойыншыны сөзге тарттық. Өзін Думан Балашұлы деп таныстырған қатысушы Түрксіб ауданының №71 жалпы білім беретін мектебінде алғашқы әскери дайындық және технология пәндерінің мұғалімі екен. Ол шахмат – тек спорт қана емес, адамның ойлау, жоспарлау, логика және мәселелерді шешу қабілетін дамытатын күрделі жүйе деп есептейді.
”Шахматты бес жасымнан ойнаймын. Бала күнімде ағам үйреткен болатын. Ол тұста бүгінгідей интернет, ұялы телефон деген жоқ, Сонда ағам біздің уақытымызды тиімді өткізгенімізді қалаған екен ғой деп ойлаймын осы күні. Қазір балаларымыз да, немерелеріміз де ойнайды. Кішкентайларымыз дойбы, тоғызқұмалаққа да жақын. Шахмат – ойлау жүйесін дамытатын, логика, стратегия мен тәртіпті қалыптастыратын спорт. Сондықтан балалардың көптеп айналысқанын қалаймын. Бұрын оқушы күнімде кейде сабақтан қалып қойсам, ертеңіне геометрия, алгебра сынды пәндердің өзіме таныс емес күрделі есептерін логикама салып шығарып ала беруші едім. Бұл – керек әрі пайдалы ойын", – дейді алматылық ұстаз.
Турнирде ерлер арасында Ақәділ Дүйсебаев, ал әйелдерден Жұлдыз Есенбаева үздік атанды.


Екінші, үшінші орын жеңімпаздары да диплом мен қаржылай сыйлық иеленді.
Нұржамал ӘЛІШ