Алматыда «Медеу» биік таулы мұз айдынының алаңында Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, қоғам және мәдениет қайраткерлері, Қазақстан Халық Кеңесі мен Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, танымал спортшылар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Салтанатты рәсімге барлығы 1 500-ден астам адам жиналды.
Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен жалғасты. Ту тұғырының биіктігі – 40 метр, ал тудың өлшемі – 7х14 метр.
Республика күні қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапатталғандардың қатарында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосқан алматылықтар бар.
Сонымен қатар Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті.