Студенттік құрылтайдың құрамында 10 арнайы комитет жұмыс істейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттердің университеттің қоғамдық және стратегиялық даму үдерістеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін «Студенттік құрылтай» алғаш рет құрылды.
Құрылтайдың негізгі мақсаты – студенттердің мүддесін білдіру, ұсыныстары мен бастамаларын жүйелі түрде жинақтау, университет басшылығымен тұрақты диалог орнату және шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына мүмкіндік жасау.
Студенттік құрылтайдың жұмысы ашықтық, өзара жауапкершілік және конструктивті диалог қағидаттарына негізделеді. Оның құрамында ғылым, академиялық сапа, инфрақұрылым, цифрлық даму, экология, мәдениет, әлеуметтік мәселелер мен инклюзия, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық және халықаралық ынтымақтастық бағыттарын қамтитын 10 арнайы комитет жұмыс істейді.
Комитеттер өз бағыттары бойынша студенттердің ұсыныстарын талдап, білім сапасы мен академиялық адалдықты арттыруға, ғылыми-зерттеу белсенділігін дамытуға, инфрақұрылым мен цифрлық ортаны жетілдіруге, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ құқықтық және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды ұсынады.
QyzPU Тұлға қалыптастыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Бекқайыров Студенттік құрылтайдың маңызына тоқталды:
«Құрылтай құрамына оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық белсенділігі мен көшбасшылық қабілеті бар студенттер арасынан өкілдері ріктелді. Олар өз құрдастарының пікірін университет басшылығына жеткізіп, нақты ұсыныстар мен бастамалардың жүзеге асуына атсалысады. Студенттік құрылтай өз қызметі аясында Қазақстан Студенттер Альянсымен, Студенттік омбудсмен институтымен және басқа да жастар ұйымдарымен өзара байланыс орнатып, студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытындағы тәжірибелерді дамытуға басымдық береді. Студенттік құрылтай – студенттік өзін-өзі басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, жастардың университет дамуына белсенді араласуына жол ашатын маңызды алаң», – деп атап өтті.
Қазіргі уақытта Құрылтайдың идеялық-тәрбиелік негізі ретінде студент қыздардың мәдени, интеллектуалдық және тұлғалық дамуына бағытталған «Парасат мектебі» концепциясы айқындалды. Концепция біліммен тәрбиені ұштастыра отырып, жауапкершілігі жоғары, қоғамдық белсенділігі қалыптасқан және көшбасшылық қабілеті дамыған тұлға тәрбиелеуге бағытталған.