Қолжазбалар ұлттық мәдени және зияткерлік мұраның маңызды құрамдас бөлігі ретінде тарихи жадыны жаңғыртуда, ұлттық бірегейлікті нығайтуда және мәдени сабақтастықты сақтауда айрықша рөл атқарумен қатар, тілдік өзгеріс, ғылыми ойдың дамуы және білімнің ұрпақтан ұрпаққа жеткізілу үдерістері тұрғысынан құнды деректер ұсынады. Алайда сақтау жағдайларының жеткіліксіздігі және заманауи технологияларға қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты қолжазба қорларын сақтау, жүйелеу және сәйкестендіру үдерістерінде бірқатар күрделі мәселелер кездеседі.
«Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» халықаралық жазғы мектебі аталған мәселелерді шешуге бағытталған. Бағдарлама жас және тәжірибелі мамандарға арнайы теориялық және практикалық курс мүмкіндігін ұсынып, қолжазбаларды сақтау, реставрациялау және цифрлық гуманитаристика әдістеріне басымдық береді. Халықаралық және отандық тәжірибені ұштастыра отырып, сала бойынша танымал жетекші сарапшыларды шақырған бұл жазғы мектеп қатысушылардың, әсіресе Қазақстан мен Орталық Азияның қолжазба дәстүрлері мен оның заманауи ғылыми қолданысына деген қызығушылығы мен түсінігін тереңдетуді мақсат етеді.

Бағдарлама
Жазғы мектеп жеті күнге жалғасып, салалық дәрістер мен семинарларды және практикалық тәжірибе алмасуды қамтиды. Бағдарлама Орталық Азияның қолжазба қорларын зерделеуге бағытталған үш негізгі тақырыптық бағытқа, атап айтқанда қолжазбаларды зерттеу әдіснамасы мен дәстүрлеріне, реставрация мен консервация әдістеріне және қолжазбаларды зерттеудегі цифрлық гуманитаристика тәсілдеріне басымдық береді. Бағдарлама аясында Алматы қаласындағы ірі кітапханалар мен архивтерге бару да қарастырылған.
Ұйымдастырушылар
Жазғы мектепті Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты, ҚР ҒЖБМ ҒК «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК, Гарвард университетінің Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығы, Астана IT университеті, Ислам тарихын, өнерін және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және Түркия Республикасы Қолжазбалар басқармасы бірлесіп ұйымдастырады.
Қатысу шарттары
Жазғы мектеп жас зерттеушілерге, кітапханашыларға, архив қызметкерлеріне, реставраторларға және музей мамандарына, сондай-ақ қолжазбаларды зерттеу саласында біліктілігін арттыруға және Қазақстанның қолжазба дәстүрлері бойынша білімін тереңдетуге қызығушылық танытқан өзге де тұлғаларға арналған.
Қатысуға өтінім беру
Қатысу үшін мотивациялық хат (300-500 сөз) және түйіндемені қамтитын бірыңғай PDF-файл түріндегі өтінімді 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін eri-project@ayu.edu.kz электрондық поштасына жолдау қажет.
Өтінім нәтижелері 2026 жылы 4 мамырда жарияланады.
Қаржыландыру
Жазғы мектеп BP28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: тіркеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеулер» жобасы аясында өткізіледі. Өтінім негізді болса, толық немесе ішінара жол шығындарын өтеуге бағытталған шектеулі гранттар қарастырылады.
Барлық қосымша сұрақтар бойынша o.hanayi@ayu.edu.kz немесе a.muratbekova@ayu.edu.kz электрондық поштасына хабарласуыңызды сұраймыз.