Алматыда 10 наурызда кешке қалың қар жауа бастады. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, жауын-шашын алдымен жаңбыр түрінде басталып, кейін қарға ұласып, 11 наурыз таңға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында қалаға шамамен 27 сантиметр қар түсті. Аqshamnews.kz тілшісі қаланың қазіргі келбетінен фоторепортаж ұсынады.


Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын болмайды, ауа температурасы –6…–8 градус шамасында болады, кейін тағы төмендейді.


Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерге 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшысы және 1225 арнайы техника жұмылдырылды. 200-ден астам сыпыру техникасы жолға көктайғаққа қарсы материалдарды сеуіп жүр. Себу жұмыстары аяқталғаннан кейін техника 28 колоннаға біріктіріліп, магистральдық көшелерді тазалауға кіріседі.

Түннен бастап қаланың негізгі магистральдарында қарды жинау жұмыстары қолға алынды. Жұмыс жол полициясының патрульдік көліктерінің көмегімен техника колонналары арқылы істеліп жатыр. Сонымен қатар шағын көлемді техника мен жұмысшылар тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті өткелдерін, баспалдақтар мен пандустарды тазаланып жатыр.

Қала тұрғындарынан сақтық шарасын сақтау ескертіледі: жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес беріледі. Сонымен қатар тұрғындардан қар тазалайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеу және көшелерді жедел тазалауды қамтамасыз ету үшін көліктерін жол жиегіне қоймау сұралады. Коммуналдық қызмет тәулік бойы көше мен жолдың жағдайын бақылап, қаланы тазалау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
