Алматыда ағаш, бұта және гүл көшеттерін өсіретін тұрақты қалалық тәлімбақ салу жобасы талқыланды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, Алматы еліміздегі жасыл желекке бай қалалардың бірі. Алайда қазіргі таңда көшеттердің басым бөлігі шетелден сатып алынады. Бұл шығынды арттырып, қаланы сыртқы нарыққа тәуелді етеді.
Қалалық тәлімбақтың құрылуы Алматыны жергілікті жерде өсірілген сапалы көшеттермен қамтамасыз етуге, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты әрі тиімді жүргізуге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Дархан Сатыбалды жауапты басқармаларға жобаның ұйымдастырушылық, қаржылық және жер мәселелерін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ тәлімбаққа қолайлы аумақты анықтап, нақты ұсыныстар енгізу міндеттелді.
Қала әкімінің сөзінше, бұл жоба Алматының жасыл қорын нығайтып, тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.