Алматыда қайта өңделген материалдан арт-нысан жасауға байқау жариялады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қайта өңделген материал мен екінші реттік шикізаттан арт-нысан жасауға арналған осы заманғы өнер байқауы басталды. Байқауға суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, шығармашылық жоғары оқу орнының студенттері, экология мен саналы тұтыну мәселесіне өнер арқылы назар аудартуға дайын барлық ниет білдіргендер қатыса алады. Байқаудың басталғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Таза сана» жобасының кураторы Диана Әлиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, жоба экологиялық мәселені ғана шешпей, қоршаған орта мен тұтыну мәдениетіне деген көзқарасты өзгертуге де бағытталыпты.
«Дәріс арқылы немесе қоқыс тастамауға шақыру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мүмкін емес. Қоғаммен эмоция, визуалды бейне, шығармашылық пен мәдениет арқылы сөйлесу керек», – деді Диана Әлиева.
Байқауды өткізу идеясы «Таза сана» жобасының экологиялық алаңдары барысында пайда болған. Спикердің айтуынша, тұрғындар «Эко-нүктелерге» пластик пен қағаздан бөлек, киім-кешек те әкеле бастаған. Жиналған киімнің бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі, жарамсыз тоқыма бұйымын жаңа өнім жасауға пайдаланады, қалғанын жануарларға арналған панажайға жөнелтпек.
«Кез келген қоқысқа дұрыс көзқараспен қараса, оны қайтара пайдалануға болады. Өйткені адам баласы ол заттың құндылығын көруден қалған кезде ғана ол біртіндеп қоқысқа айналады», – деп атап өтті жобаның жетекшісі.
Байқау аясында қатысушыларға қайта өңделген материалдан инсталляция, мүсінр, көше арт-нысандары мен басқа да көркем композициялар жасауды ұсынбақшы. Бастаманың негізгі мақсаты – қалдықты қайтара пайдаланудың мүмкіндігін көрсету мен қайта өңдеу, қоршаған ортаның ластануы мен жауапты тұтыну мәселесіне қоғамның қолдан келгенше назарын аудару.
Ұйымдастырушылар арт-нысандардың қаладағы қоғамдық кеңістіктің бір бөлігіне айналып, тұрғындарды экологиялық күн тәртібін талқылауға тартуға ықпал етеді деп үміттенеді.
Байқаудың өту барысы @taza_sana.almaty жобасының әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында кеңінен жарияланып отырады. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жұмысын көрсетіп, жас суретшілер туралы ақпарат беріп, шығармашылық үдерісті таныстырып, замандық визуалды өнер форматтары арқылы жастардың экология мәселесіне қызығушылығын арттыруды жоспарлап отыр.