Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінің артында орналасқан «Достық» саябағында «Ақ жол» демократиялық партиясының қалалық филиалы мен жастар қанатының өкілдері Мәжіліс депутаты, партия төрағасы Азат Перуашевтің бастауымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке белсене қатысты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған акция барысында партия мүшелері мен еріктілер табиғатты аялауға, тұрақты даму идеяларын ілгерілетуге, қоғамның белсенділігіне назар аударуға тырысты. Жаңбыр мен найзағайдан кейін саябақ аумағында көптеп құлаған бұтақтар мен жапырақтарды жинап, балалар алаңын, жаяу жүргінші жолдарын тазалап, абаттандыру жұмыстарына кірісті. Партия өкілдері бұл міндетті қысқа уақыт ішінде тиянақты орындап шықты.
Мемлекеттік демалыста жүріп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі өндіріс орындарын аралап жүрген Азат Перуашев Алматыға арнайы ат басын бұрып, сенбілікке партияластарымен бірге қатысты:
– Бұл жерде мәселе партияда да, шарада да емес. Тазалық – өзімізден басталатын ұғым. Қайда тұратынымыз маңызды емес: ауыл болсын, қала болсын, үйіміздің де, еліміздің де көркі – өз қолымызда. Үйіңді сенен басқа ешкім келіп жинап бермейді. Жақсы өмір сүргіміз келсе, өзімізден бастауымыз керек. Бұл – өмірлік ұстаным болуы тиіс. Ар-ұятпен, ата-бабамыздан жеткен дәстүрмен өмір сүрсек, қоғам да көркейеді, – деді ол.
Алматы қалалық филиал төрағасының орынбасары Арман Жұмаділ осындай бастамалардың қоғам санасын жаңғыртып, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятатынын айтты:
– Тарихшы ретінде айтарым, бір кездері мұндай сенбіліктер мәжбүрлі сипатта өтетін. Бүгінгі таңда олар халықтың саналы таңдауына, туған үйін, туған жерін таза ұстауға деген ішкі ниетіне айналуы қажет. Ата-бабаларымыз табиғатты аялауды өмірлік мұрат тұтқан. Осындай қасиеттер әрбір қазақтың бойына сіңіп, өмірінің бөлшегіне айналуы тиіс. Қазіргідей мазасыз кезеңде біздің барлық уайымымыз тазалықпен басталып, тәртіппен аяқталсын. Тек сонда ғана біз туған қаламыз бен Отанымыздың болашағы туралы еркін ойлай аламыз, – деді ол.
Сенбілікке қатысқан жастардың арасында Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының регбишілері де болды. Олар жаттығу орнына саябақты таңдады.
Ерлер құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов шақырту алғанын қуана қабылдағанын жеткізді:
– Бала күнімде әр сенбі сайын үйде де, мектепте де, аулада да осындай сенбіліктер өтетін. Бүгінде еліміздің әр өңірінен келген жігіттер де бізбен бірге сенбілікке шықты. Олар Алматыда бұқаралық сенбілік дәстүрі бар екенін көріп, қатты таңғалды. Өз қалаларында мұндай бастамалар сирек кездеседі екен. Бізден үлгі алу керек дейді. Шынында да, қала тазалығы сырт көзге бірден байқалады. Бірақ мұнда өмір сүретін – біз. Сондықтан біз өзіміз үшін, өз жайлылығымыз үшін атсалысуымыз қажет, – деді ол.
Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Ксения Ким де өз ойын ортаға салды:
– Қала тұрғындарының осындай сенбілікке белсенді қатысуы – өте маңызды. Бұл – қалаға да, алматылықтардың өзіне де пайдалы. Қоғам болып тәртіпті сақтау – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Жерімізді аялауға, күтіп ұстауға шақырамын! – деді спортшы.