Бүгін Білім басқармасы мен Мемлекеттік активтер басқармасының өкілдері және Қоғамдық кеңес мүшелері «Арай» жекеменшік мектебінің оқытушылары және оқушылардың ата-аналарымен кездесті. Бұл мектеп Ақсай-2 шағынауданындағы 51-үйде орналасқан.
Кездесу барысында қатысушыларға «Арай» және «Сенім» ұйымдарымен жасалған жалдау шарттарының бұзылғаны, ал 2023 жылы аталған мекемелерге ғимараттарды қайтару туралы ресми ескертулер жіберілгені түсіндірілді.
Алайда мекеме өз еркімен нысанды босатудан бас тартқан соң сотқа жүгінуге тура келді. Ғимаратты коммуналдық меншікке қайтару туралы шешім Мемлекеттік активтер басқармасының пайдасына шығарылды. 2025 жылы 3 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Арай» мекемесіне ғимараттан шығаруды кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.
«Сот ғимаратты коммуналдық меншік иесіне – Мемлекеттік активтер басқармасына мәжбүрлі түрде қайтару туралы шешім шығарды. 2003 жылы 1 шілдеден бастап «Арай» мекемесімен жасалған жалдау шарты күшін жойған. Содан бері бірнеше рет сот шешімі біздің пайдамызға шықты. Қазіргі уақытта мектеп ғимаратты заңсыз иеленіп отыр. Мәселені ың-шыңсыз шешуге жасалған барлық әрекет елеусіз қалды. Осыған байланысты сот шешімін мәжбүрлі түрде орындау туралы шешім қабылданды», – деді Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғали.
Босаған ғимарат қала мұқтажы үшін қайта пайдаланылады. Бұл шара мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің желісін кеңейтіп, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды арттыруға бағытталған. Барлық іс-шара заң аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Бұл ғимаратта бұрын №52 балабақша орналасқан еді. Қазір онда 200-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Ғимарат босатылып, жөндеу жұмыстары аяқталған соң қайтадан балабақша ретінде ашылады. Оның сыйымдылығы 320 орынға дейін артады. Әсіресе, бұл 5 мыңнан астам бала кезекте тұрған Әуезов ауданы үшін өте маңызды. Әрбір оқушының оқуын жалғастыру мәселесі тұрғылықты мекенжайына сәйкес жеке қаралады», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Сонымен қатар Білім басқармасы ата-аналармен кездесіп, оқушыларды қаладағы өзге мектептерге, шағынаудандарға орналастыру бойынша жұмыс жүргізуге дайын.
Жалпы, 2002 жылдан бері қалада 11 жекеменшік оқу орнына, соның ішінде «Арай» мекемесіне, 10 балабақша ғимараты мен бір комбинат ғимараты жалға берілген болатын. 2020 жылы мамырда қала әкімдігінің шешімімен бұл нысандарды кезең-кезеңмен коммуналдық меншікке қайтару және оларды мемлекеттік балабақша ретінде қайта пайдалану мақсатында жалдау шарттарын бұзу жұмыстары басталған болатын.