Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында салтанатты рәсімдер, конференция және ашық аспан астындағы мерекелік концерт өткізу жоспарланған.
Мерекелік күн сағ. 12:30-да Медеу мұз айдынының жанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Мемлекеттік Әнұранды жаппай орындау салтанатты рәсімімен басталады. Іс-шараға қала тұрғындары, жастар, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
Сондай-ақ, сағ.15:00-де Достық үйінде «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты конференция өтеді. Конференция барысында қоғам қайраткерлері, сарапшылар, жастар және студенттер мемлекеттік рәміздердің маңызы, олардың қоғамдағы орны мен патриоттық тәрбиедегі рөлі туралы пікір алмасады.
Кешкі уақытта Көк-Төбе алаңында Open-Air форматындағы мерекелік концерт ұйымдастырылады. 17:00-де басталатын концерт барысында қазақстандық эстраданың танымал өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Сахна төрінде Айдар Тұрғанбек, Төреғали Төрәлі, Әбдіжаппар Әлқожа, Тұрар, Ақботанұр Сейтмағамбет, Баянсулу, Диная, Ернар Жұматаев, сондай-ақ «КешYOU», «Алашұлы» және «Абырой» топтары өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, қаланың барлық аудандарында жекелеген мерекелік іс-шаралар легі ұйымдастырылатын болады.
Мерекелік шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қазақстандық патриотизмді нығайтуға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.