2026 жылы 23-26 шілде аралығында Алматыда ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық форумы өтеді. Іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасынан білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология саласының өкілдерін бір алаңға біріктіреді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Форумды өткізу Сеул қаласында «Диалог» аудармашылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Academy of Creative Technologies (ACT) және YLAB Academy арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды.
Құжат білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Серіктестік аясында тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық іс-шаралар ұйымдастырады, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады және кәсіби тәжірибе алмасады.
Academy of Creative Technologies (ACT) – Алматыдағы ALT University базасында жұмыс істейтін халықаралық білім беру платформасы. Ол жасанды интеллект, ақпараттық технология және креативті индустрия бағыттары бойынша маман даярлаумен айналысады. Ал YLAB Academy – вебтундар мен зияткерлік меншік (IP) саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын YLAB компаниясының білім беру бөлімшесі.
ACT Creative Tech Week 2026 аясында Алматыда алғаш рет YLAB Academy сарапшылары сөз сөйлейді. Форум қатысушылары визуалды сторителлингтің заманауи тәсілдеріне, Webtoon жасауға, зияткерлік меншікті дамытуға және цифрлық контент өндіруге арналған дәрістер мен шебердің сабағына қатысады. Іс-шара тәжірибе алмасуға, әлемдік үрдістерді талқылауға және жаңа халықаралық серіктестіктерді қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандық және кореялық білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық халықаралық деңгейдегі маман даярлауға, креативті экономиканы дамытуға және білім беру үдерісіне заманауи технологияны енгізуге жаңа мүмкіндік ашады.