Алматыда жаңа туған тағы 600 сәби ерте оңалтудан өтетін болды

  • 15:24, 21 қараша 2025
Алматыда жаңа туған тағы 600 сәби ерте оңалтудан өтетін болды Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Алматы қалалық перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында 3 айдан 3 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балалар осы заманғы халықаралық әдістеме бойынша ерте бастан оңалтудан өте бастады. Жаңа бағыттың іске қосылуының арқасында жыл сайын 600-дей бала  ерте қалпына келуге мүмкіндік алып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық бөлімшесі ұйымдастырған баспасөз турында журналистерге жаңа орталықтың жұмысын, мамандар қолданатын әдістер мен көмекті кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер жағын таныстырды.

Өңірде баламасы жоқ, қаланың алғашқы «Қамқорлық» ерте оңалту орталығы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (ПиДКХ) базасында 2025 жылдың тамызында ашылды. Аз уақытта мұнда 57 бала қолдау алды. Оңалту жағы толық МӘМС есебінен жүргізіледі, жеңілдік санатындағы балалар медициналық көмектің барлық түрін тегін алады.

Ерте араласу орталығының меңгерушісі Шамшигүл Құдажанованың айтуынша, орталық ДЦП, Даун синдромы, сөйлеу мен психомоторлық дамудың кешеуілдеуі, орталық жүйке жүйесінің перинатальды зақымы мен тірек-қимыл жүйесінің туа біткен ақауы бар балаларға бағытталған.

«Қамқорлық» орталығына жолдаманы ата-аналар тіркелген емханадан алады. Біз бала мен ата-анасын алғашқы қадамынан бастап қолдауға тырысамыз, ерте араласқанда дамуын да түбегейлі өзгертуге болады»,- дейді маман.

Орталық  медициналық қана емес, әлеуметтік және білім беру жағынан қолдауға да ерекше назар аударған.

«Мұнда біз баланың дамуына, қабілетін ашып, айналасымен қарым-қатынас жасап үйренуіне мүмкіндік беретін кеңістік құрамыз. Абилитация, дамыту оқыту, когнитивті, моторлық және коммуникативтік дағдыларды жетілдіру арқылы біз балалардың үйлесіммен өсіп-жетілуіне жағдай жасап жатырмыз», – дейді балалардың медициналық психологы Әнел Жүнісова.

Мұнда шунгит пен тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, сондай-ақ иммерсиялық ванна да бар. Әр балаға жеке бағдарламаны мультидисциплинарлық команда — невролог, реабилитолог, клиникалық психолог, неонатолог, физиотерапевт, ЛФК дәрігері, логопед және дефектологтар әзірлеп береді.

Мамандардың айтуынша, әсері алғашқы аптадан-ақ байқалып, балалар отыра бастайды, алғашқы қадамын жасап, сөйлейді, моторика мен коммуникация дағдыларында айтарлықтай ілгерілеу байқалады.

Баспасөз туры барысында журналистер орталықта жатқан балалардың ата-анасымен тілдесті. Науқастың әжесі Ольга Игишева былай дейді:

«Біз орталыққа бір аптадан бері барып жүрміз, өзгеріс бар. Бала белсенді, жинақы бола бастады, бұрын айтпаған дыбыстарды айтатын болды. Жайлы жағдай жасалыпты мұнда, мамандар да мықты», – дейді ол.

Осыған ұқсас оң өзгерісті Сыздықбаевтар отбасы да байқап қалған.

«Екі аптада қызымыз дыбыс шығарып, бұлшықеттері бекіп, сенімді жүріп, секіре бастады. Бізде Даун синдромы, бұрын ол тайғанақтап, құлап қала беретін. Мұнда массаж алады, логопедпен, психологпен жұмыс істейді. Өте ризамыз орталықтағыларға», – деді әкесі Дінмұхаммед Сыздықбаев.

Айта кетейік, 2019 жылы МӘМС енгізілгенге дейін Алматыда балаларға  төрт орталықта ғана реабилитациялық көмек көрсетілетін, жылына 481,8 млн теңгедей қаржы бөлінді бұған. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді: 2025 жылдың 9 айында өңірде 400 мыңнан астам реабилитациялық іс-шара жүргізіліп,  қаржыландыру көлемі қазір 2025 жылға 4 млрд теңгеден асып түсті.

«Балалар реабилитациясы бұрын тегін медициналық көмектер пакетіне кіретін, бірақ қаржыландыру шектеулі болғандықтан қажетті қарқынмен дами алмады. МӘМС енгізілгелі бері қызмет көлемі мен сапасы айтарлықтай артып, жаңа технологиялар енгізілді. Балалар барлық көмекті бұрынғыдай тегін алады, жарнаны мемлекет төлейді», – деді Қор өкілі Шынар Әлжанова.

Алматыда қазір18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін осындай 53 медициналық ұйым жұмыс істейді. Кішкентай пациенттердің сауығып, жаңа, дені сау өмірге қадам басатын мүмкіндігі де жыл сайын артып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:06

15:58

15:47

15:39

15:31

15:24

15:14

15:09

15:01

14:53

14:42

14:36

14:22

14:14

14:11

14:06

12:47

12:33

12:12

11:47

11:31

11:15

10:46

10:34

10:01