Алматы төріндегі ҚР Ұлттық орталық музейінде суретші Гүлмира Садықованың «Ине сыры – қуыршақ жаны» деген тақырыппен жеке көрмесі ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Суретші саналы ғұмырын сәндік-қолданбалы өнердің ең нәзік әрі асқан төзімділікті талап ететін түрлерінің бірі – тегіс кесте тігуге арнап келеді. Ол – үйреншікті қылқалам мен кенептің орнына кәдімгі ине мен сан түсті жіптерді пайдаланып, тігістерді сызыққа, түске және көркемдік фактураға айналдыратын шебер.
Мұндай туындыларды дүниеге әкелу көп уақытты және асқан ыждаһаттылықты талап етеді. Оның шығармашылығынан қазақтың мәдени мұрасымен сабақтастық анық сезіледі. Себебі, ежелгі мәдениетімізде кесте тігу мен тоқыма дәстүрі ғасырлар бойы маңызды орын алып келді.
Гүлмира Садықованың шығармашылық жолында интерьерлік қуыршақтарды жинау хоббиі де ерекше орын алады. Олардың әрқайсысы өзіндік мінезі, көңіл күйі бар шағын бір әлем іспетті.
«Көрмеге 80-нен астам авторлық кестелі туынды мен интерьерлік қуыршақтар топтамасынан алынған экспонаттар қойылған. Бұл көрме көрерменді кесте өнері мен коллекциялық қуыршақтардың әсемдігін тамашалап қана қоймай, олардың астарындағы еңбекті де сезінуге шақырады. Бұл ерекше туындылар – шебердің төзімі мен өнерге деген сүйіспеншілігі, дәстүрге деген құрметі және сұлулықты келер ұрпаққа аманат етуге деген ұмтылысы», – деді көрме иесіне жылы лебізін білдірген ҚР Ұлттық орталық музей директорының орынбасары Асқар Ахманов.
Көрменің атауы кездейсоқ таңдалмаған көрінеді. «Ине сыры». Гүлмира Садықованың басты көркемдік құралы ине болғандықтан осылай аталған. Түрлі реңктегі жіптерді қабаттастыра қолдану арқылы суретші түстің айрықша тереңдігі мен бейненің пластикалық иірімдеріне қол жеткізеді. Ал «Қуыршақ жаны» – автордың интерьерлік қуыршақтарға деген бала күнінен келе жатқан қызығушылығын білдіретін образ. Ол үшін қуыршақтар – жай ғана коллекциялық бұйымдар емес, өзіндік тарихы, мінезі, үні, дауысы және ерекше эстетикасы бар көркем бейнелер. Көрмеде олар жаңа тыныс алып, кестеленген туындылармен өзара үндестік табады. Ал екеуін сабақтастыратын басты сипат – адам қолының жылуы мен шебердің әр туындыға дарытқан дара қолтаңбасы.
Көрменің ашылу салтанатында суретшінің қызы – психолог, Аналар кеңесінің мүшесі Әсел Пірімжанқызы да сөз сөйлеп, ол аяулы анасының бойынан дәстүр мен құндылықтарға деген ерекше құрметті көретінін және бұл қасиеті жастарға үлгі екенін айтты.
«Мен анамның шығармашылығын жоғары бағалаймын. Кестемен айналысу, ине ұстау өнерін де арт-терапияға жатқызар едім. Бұл өнер түрі ұсақ моториканы дамытып, мидың сергектігін сақтауға, адамның жан тыныштығын табуға және шығармашылық қабілетті ашуға көмектеседі. Бұл да ішкі қуатты, жастықты сақтаудың, рухани байып, өзіңді дамытудың бір жолы. Әкем сапарға шыққанда анама ылғи сувенир қуыршақтар әкелетіні есімде. Сөйтіп шығармашылығына үнемі қолдау білдіріп жүретін. Мен ата-анамды әркез мақтан тұтамын», – деді суретшінің қызы Әсел Мүсілімова.
Суретші Гүлмира Садықованың ҚР Ұлттық орталық музейінде ашылған «Ине сыры – қуыршақ жаны» атты көрмесін 2 қарашаға дейін тамашалай аласыздар.
Нұржамал ӘЛІШ