Картинада қоғамдағы әлеуметтік және адамгершілік мәселелер қозғалады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қазақстандық режиссер Қуаныш Стахановтың «Бүркітші» фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл – елімізде алғаш рет dark-триллер жанрында түсірілген алғашқы туынды. Картинада қоғамдағы әлеуметтік және адамгершілік мәселелер қозғалады. Сюжет қылмыстық істі тергеу төңірегінде өрбиді. Оқиғада ауылдағы бүркітші мен полиция қызметкері бірқатар жұмбақ жайттың мән-жайын анықтауға кіріседі.
Режиссер Қуаныш Стахановтың айтуынша, фильмнің дәл осы жанрда түсірілуіне отандық кино нарығында детектив бағытындағы туындылардың аздығы себеп болған.
«Бізде триллерлік оқиғалар желісінде түсірілетін туындылар өте аз. Сондықтан көрерменге мұндай жанр қызық болады деп ойлаймын. Бұл оқиғада астарлы ой өте көп. Ең алдымен, әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тақырыбы бар. Мұндағы жәбірленуші – жоғары сынып оқушысы, яғни кәмелетке толмаған қыз», – деді режиссер.
Фильмнің атауы да негізгі оқиғамен тікелей байланысты. Негізгі кейіпкерлердің бірі – ауылда тұратын бүркітші. Сонымен қатар оқиға «Бүркітші» деп аталатын ауылда өрбиді. Басты рөлдерді Берік Айтжанов пен Зарина Кармен сомдады.

Түсірілім Алматы облысының Жалаңаш және Кеген өңірлерінде, сондай-ақ Ақтасты ауылының маңында өткен.
Эпизодтардағы бүркітшілік өнерін көрсету үшін кәсіби бүркітші кеңесші ретінде тартылған. Ел чемпионаттарында жеңіске жетіп жүрген тәжірибелі құсбегінің екі бүркіті пайдаланылған.
Фильмге дайындық екі айға созылып, негізгі түсірілім жұмыстары бір айға жуық жүргізілген. Сценарийдің бастапқы және соңғы нұсқалары арасында да өзгерістер болған. Режиссердің сөзінше, дайындық барысында оқиға желісі шамамен 30 пайызға толықтырылған.
Фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» базасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
Туынды 10 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрерменге жол тартады.